432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында 17 тұрғын үйге жаңа жеделсаты орнатылды

  • 302
  • UPD: 23:51, 12.04.2020

Тағы 8-і орнатылуға дайын тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – былтырғы лифт шаруашылығын модернизациялау бағдарламасының жемісі. Алдағы үш жылда облыстың 5 қаласында істен шыққан 360 лифтіні осы бағдарлама бойынша қалыпқа келтіру жоспарланған.

Бұл 9 қабат үйдің тұрғындары табанынан таусылып пәтеріне баспалдақпен көтеріліп жүрген. Бұл жағдай әсіресе, балалы отбасылар мен қарттарға қиындық тудырған еді. Енді міне, ескі лифтінің орнына су жаңасы орнатылды. 8 жыл бойы ай сайын төленетін төлем де қалтаны қақпайды. Тұрғындар да мәселенің шешім тапқанына риза. 

Бейбарыс Дерипсалдин, қала тұрғыны:

– Үлкен кісілер бұрын лифт болмағанда көмектесіп жіберетінмін. Ал қазір лифт қойды. Қарындас, бауырларым бар, мен оларды жазда далаға шығарам ғой. Лифт болмағанда соларды көтеріп қиналатынбыз, ал үлкен кісілер енді лифтімен шығады.

Александр Волков, қала тұрғыны:

– 3 айдың ішінде жөндеп қойды. Мен ай-сайын 3 421 теңге төлеймін. Бұрын дүкенге барып келу мұң болса, енді бұл мәселе шешілді.

Әкімдік биыл және келер жылы 120 лифт орнатуға ниетті. Осы жобаны жүзеге асыру үшін белорустік компаниямен келісім жасалған. Мамандар бір лифтіні әкеліп, орнату құны шамамен 9 млн теңге шығатынын айтады. Орнатушы қарағандылық мердігер компания. Сондай-ақ олар лифтінің әрі қарай пайдалану мен қызмет көрсетуіне де жауапты. Лифтіні орнату үшін алдымен үй тұрғындарымен келіссөз жүргізіледі.

Ұлантай Үсенов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

– Тұрғындардың келісімін аламыз, содан соң 8 жылға дейін қаржысын қайтарады. Кейін әр үй тұрғындары ай сайын 3,5-5 мың теңгеден төлейді. Осы жұмыстар жалғасын табады. Келіспейтін үйлер бойынша әлі түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Ал қазір толық келіскен үйлер.

Жауаптылар қазір карантинге байланысты жұмыстар тежеліп тұрғанын да жасырмайды. Онымен қатар күнде құбылған валюта бағамына байланысты лифт бағасы да өсе ме деген күдік бар. Қазір облыс қалаларында 360 лифтіні ауыстыру керек, тағы 800-нің пайдалану мерзімі өтуге жақын.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы