423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда көшелерін жөндеуге биыл 2 есе көп қаржы бөлінді

  • 379
  • UPD: 10:33, 13.04.2020

Биыл Қызылорда қаласының көшелерін жөндеуге өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп қаржы бөлінді.

Сондай-ақ мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да бірқатар елді мекеннің жол мәселесі шешімін таппақ.

Бұл Қызылорда қаласының орталығынан шеткері қоныстанған мөлтек аудандардың бірі. Соңғы 10 жылда ауқымы кеңейіп, жаңа үйлер, көшелер пайда болған. Бірақ жолы сын көтермейтін. Жауын жауса, ми батпаққа айналатын сүрлеу бүгіннен бастап тақтайдай тегіс көшеге айналды.

Әбсаттар Әбдіғаппаров, қала тұрғыны:

– Қазіргі жағдайда, әсіресе коронавирус індетінің кезінде бүкіл әлемді алып жатқан дағдарысқа қарамастан халқымыздың әл-ауқатын арттыру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарына шын жүректен алғысымды білдіремін.  

Биыл тозығы жеткен көшелерді жөндеуге жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның басым бөлігі шетаймақтарға тиесілі. Қалаға қарасты ауылдық елді мекен жолдары да жаңғыртылмақ. Мұнан бөлек мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде де ауқымды құрылыс жобалары іске асады. 

Ерлан Бердібаев, қала әкімінің орынбасары:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында бөлінетін қаражаттың көлемі қазір 10 млрд үстінде болып отыр. Мұның бәрі тек қана жолға емес, әлеуметтік саланың құрылысы бар, одан бөлек жол, жаяу жүргіншілер жолы бар. Оған қоса жергілікті бюджеттен де көп қаржы бөлініп отыр. Тек қана шеттегі елді мекендерден 66 көше. Қаланың Әл-Фараби, Шанхай, Гагарин мөлтек аудандарында 50-ге жуық. Бұл үлкен жұмыс.

Өткен жылы облыс орталығындағы 30 көшеге асфальт төселген болатын. Биыл қаланың 100-ден астам көшесі жөнделеді дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы