425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында бораннан кейін үш ауыл әлі жарықсыз отыр

  • 238
  • UPD: 19:04, 13.04.2020

Қостанай облысында өткен аптада болған дүлей бораннан кейін әлі үш ауыл жарықсыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Электриктер болса, «үзілген сымдарды қалпына келтіруді демалыс күндері толық аяқтаймыз» деген уәделерінде тұрмады. Жағдайдың мән-жайын телефон арқылы тікелей байланысқа шыққан өңірдегі тілшіміз Данияр Сұлтанұлы жеткізуге дайын.

Диктор:

- Данияр, жөндеу жұмыстарының былайша ұзаққа созылуына не себеп?

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

Естеріңізге сала кетсем, өткен аптада желдің жылдамдығы секундына 40 метрден асып, аймақтағы 40 электр желісінің бағандары құлаған. Қостанай қаласының өзінде кейбір шағын аудандар екі тәуліктей жарықсыз, сусыз, жылусыз отырды. Жөндеу жұмыстарын электриктер күн-түн демей кезең-кезеңімен жүргізді. Тіпті көрші облыстардан қосымша бригадаларды тартуға тура келген. Боранның зардабы, әсіресе, Алтынсарин және Қостанай аудандарына қатты тиді. Қос ауданда электр қуаты 70 мәрте сөніп, оны дұрыстауға 16 бригада жұмылдырылды. Әзірше, қазір үш ауылда жарық жоқ. Солардың бірі Қостанай ауданына қарасты Семилетка ауылы. Елді мекенге тартылатын желі Тобыл өзені арқылы өтетіндіктен, қалпына келтіру жұмыстары созылып барады. Жұмысшылар өзен өткелінен күніне бірнеше рет өтуге мәжбүр. Электр желісін тарату компаниясының бас директоры Александр Рейзлиннің айтуынша, жөндеу жұмыстарымен 500-дей адам және жүздеген техника айналысып жатыр. 65 тұрғыны бар қалған елді мекендерге жарық санаулы сағаттарда берілуі тиіс. Толық ақпаратты алдағы жаңалықтар шығарылымында жеткізетін боламын.

Хабар 24 телеарнасы