427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

880-нен астам ақтөбелік дәрігерге үстемақы төленді

  • 596
  • UPD: 22:15, 13.04.2020

Елімізде қауіпті індетпен күресіп жатқан дәрігерлер де үстемақы ала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ғана Ақтөбе облысында 881 медицина қызметкеріне жалпы көлемі 110 млн теңгеден астам қосымша қаржы төленді. Бұдан бөлек, жергілікті билік осы аптада өз тарапынан 600-ден астам дәрігерге 100 мың теңгеден сыйақы бермек.

Инфекционист дәрігер Гүлмира Қалмағанбетова жолдасы мен екі баласын 22 наурыздан бері көрмеген. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жұмысына келгенде Ақтөбеде қауіпті індетті жұқтырған алғашқы науқас тіркелген еді. Содан бері екі апта өзі қызмет ететін ауруханадан аттап шықпады. Тек соңғы күндері ғана таза ауамен тыныстауға мүмкіндік туған. Онда да, қоғаммен тікелей байланыс жоқ. Тәжірибелі дәрігер бұның бәрі уақытша екенін айтады. Ал, еңбектің еленіп, жалақыға қосымша қаржы қосылғанына қуанышты.

Гүлмира қалмағамбетова, инфекционист дәрігер:

Біз тек осы үстемеақысына жұмыс істеген жоқпыз. Біз өз міндетімізді атқардық. Жұмысқа кіріп жатқанда ондай үстемеақы аламыз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Дәрігер міндетін атқарып жүрміз. Еліміз осы індеттен тезірек құтылып, отбасыларымызға оралып, әрі қарай жұмыс жасауымызды қалаймыз.

Қазір бұл қала сыртындағы демалыс орталығында Гүлмира секілді қауіпті індетпен күресіп жатқан ондаған дәрігер тұрып жатыр. Айлық ақшаларына қомақты үстемақы қосылғандарына риза. Қызметтеріне адал абзал жандар енді бірер күннен соң инфекциялық және провизорлық госпиталдардағы қызметтеріне қайта кіріседі.

Майра Нұрғалиева, инфекционист дәрігер:

- Науқастарға ем көрсету біздің парызымыз. Ал, бізге үстемақы төленетіні туралы шешім қабылданғанда қуандық және бұл жақсылық үшін алғысымызды айтамыз. Осындай кезеңде ауру жұқтыру қаупінің де жоғары екенін білеміз. Алайда, барлық қорғаныш құралдарын қолданып отырмыз. Сондықтан, басқа түскен қиындықты жеңіп шығатынымызға сенімдіміз.

Жалпылай алғанда 880-нен астам ақтөбелік дәрігерге үстемақы төленген. Бұл қауіпті дертпен күреске тартылған медицина қызметкерлерінің жалпы саны. Үстемақы төлеу үш категория бойынша жүрген.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ең қауіпті жерде жұмыс жасап жүрген дәрігер-инфекционистер, реаниматологтар 800 мың теңгенің үстінде үстемақы алды. Жедел жәрдем қызметінің қызметкерлері, провизорлық қызметінің қызметкерлері 300 мың, 350 мың, 400 теңгеден. Сонымен қатар, карантиндік госпитальде оқшаулауға алынған тұрғындарға медициналық көмек ұйымдастырылған. Оларға да өзінің заңына сәйкес, қосымша төлемақылар алды.

Мамандардың айтуынша, ақ халаттылардың қызметі елеусіз қалмайды. Үш ай бойы республикалық бюджеттен үстемақы төленіп тұрады. Ал, жергілікті билік жедел жәрдем дәрігерлеріне 100 мың теңгеден беруге шешім қабылдаған. Ол көмекке 621 адам ие болмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы