420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында бірқатар ауыл бір аптаға таяу жарықсыз отыр

  • 315
  • UPD: 23:11, 13.04.2020

Қостанай өңірінде бірқатар ауыл бір аптаға таяу жарықсыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – өткен аптада соққан ақтүтек боранның салдары. Өкініштісі, сол боран екі адамның өмірін қиды. Оның бірі – Әулиекөл ауданындағы малшы. Өрісте жүріп адасқан. Екіншісі – Қостанай ауданындағы Семилетка ауылының тұрғыны. Ол үйінен су әкелуге шығып, қайта оралмаған.

Сегізінші сынып оқушысы Айзат Ібжарова қашықтан берілген үй тапсырмаларын орындауға дайын. Ұялы телефонын күні кеше ағасының көлігінен қуаттап алыпты. Бірақ батареясы сабақ аяқталғанша шыдас беретініне күмән бар.

Айзат Ібжарова, мектеп оқушысы:

Жарық сөнгеннен бері телефондарды қуаттау өте қиын. Сол себепті мен ағамның көлігіне барып, телефонды қуаттаймын. Әрине, оған өте ұзақ уақыт кетеді. Бірақ мен алдын ала кешке, не күндіз барып, қуаттап аламын.

Семилетка – жарықсыз отырған үш ауылдың бірі. Электр қуаты өткен аптада аймақтағы екпінді желдің салдарынан жоғалған. Сол кезде табиғаттың тосын мінезінен 87 әлеуметтік нысан зардап шекті. Қостанай қаласының өзінде кейбір шағын аудандар екі тәуліктей жарықсыз, жылусыз, сусыз қалды.

Несібелді Кенжеғұлова, ауыл тұрғыны:

Балаларға ұялы телефонның жарығымен тамақ ішкіземіз. Сосын жібереміз. Күтіп отырмыз әлі жоқ. Кеше бірдеңені дұрыстап кетіп еді. Бүгін тағы болмайтын шығар енді.

Дүлей бораннан кейін құтқарушылар бригадасы күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшті. Дәл қазір Алтынсарин және Қостанай аудандарындағы үш ауылдан бөлек, электрмен қамту жүйесі облыста толық қалпына келтірілді.

Рустам Садықов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта бүкіл елді мекендерге жарық берілді. Бірақ екі ауылда ішкі апат бар, соны жою үшін уақытша жарық беруді тоқтаттық. Бір-екі сағаттан кейін оларды қосамыз.

Қалған электр бағандары әлі қалпына келтіріліп жатыр. Кейбіреулері Тобыл өзені арқылы өтетіндіктен, жұмыстар сонысымен созылып барады. Бір бөлігі алқаптарда орналасқан. Ал, ол жерге жету мүмкін болмай тұр. Арнайы техника батпаққа батумен болады екен. Ал, Семилетканы қосу үшін жұмысшыларға өзен өткелінен күніне бірнеше рет өтуге тура келеді.

Александр Рейзлин, электр желісін тарату компаниясының бас директоры:

- Желі өзен алқабының екі жағалауында орналасқан. Сол себепті қалпына келтіру жұмыстары созылып барады. Бүгін Қостанай және Алтынсарин аудандары бойынша 16 авариялық-құтқару бригадасы жұмыс істеді.

Аудандардағы жөндеу жұмыстарына көрші электрик бригадалары да жұмылдырылды. Қалған ауылдарға жарық түн батқанша берілуі тиіс.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы