420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 400-ден астам ерікті халыққа қызмет етіп жүр

  • 335
  • UPD: 23:15, 13.04.2020

Елордалық волонтерлер бүгіннің өзінде 200 отбасыға азық-түлік апарып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 30 мың адамға көмектесіпті. Қазір қала бойынша 400-ден астам ерікті халыққа қызмет етіп жүр. Соның 73-і өз көлігімен шығып, қамкөңіл жандарға қамқорлық танытуда.

Ержан Әлиманов өз көлігімен күніне 10 отбасына азық-түлік апарып береді. Суретші жігіттің өз кәсібі тоқтап тұр. «Еңбекке үйренгендіктен, үйде бос отыра алмадым», - дейді. Айтуынша, волонтерлерді асыға күтетіндер көп. Бүгін де азық-түлік салынған қораптарды тиеп, қала шетіне тартты.

Ержан Әлиманов, волонтер:

Негізінен, мына Лесозавод жаққа барамын. Жағдайлары нашар отбасылар сол жақта көп. Кейде көп болады. Кешке дейін үйлерге барамыз. 20:00-21:00-ге дейін тасып, есебін тапсырамын.

Талғат Жаркеев мына үйді жалға алып отыр. Бір шаңырақтың астында 2 отбасы тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жан ауыр жұмысқа жарамайды. Төтенше жағдай кезінде балалары да үйде отыр. Амалдың жоқтығынан көмек сұраған екен. Ержан бұл үйге азық-түлікті екінші рет әкелді.

Талғат Жаркеев, қала тұрғыны:

Заңға бағыну керек. Тыңдау керек. Отырмыз. Кімнен көмек сұраймыз, халықтан сұрамағанда. Барлығы 16 адаммыз. Ойлаңыз, қайдан жетеді?

Мына үйде қос зейнеткер тұрады. Қашықтағы дүкенге жиі шыға алмайды. Барса да, ауыр сөмкені көтеріп келуге қауқар жоқ. Сондықтан еріктілерден көмек сұрапты. Себет ұстап келген Ержанды көріп қуанып қалды. «2 қорап шәй, 2 шөлмек май, күріш, қант пен ұн бізге біразға жетеді»,- дейді.

Төреш Қарабекова, зейнеткер:

Енді мына үйде отырмыз. Мына кісі амал жоқ, дүкенге нанға бірдеңе ғып барып келеді. Екі адам тұрамыз ғой. Балам анда-санда келіп тұрады осы қаланың ішінде.

Ал, мына келіншек шиеттей балаларымен пәтер жалдап тұрады. Бұрын әр жерде еден жуып, күнелтіп келген екен. «Енді сәл қиналып қалдық», - деп мұңын шақты. 42 мың теңге жәрдемақысы жетпегесін, азық-түлік сұраған.

Альмира Ташкенова, қала тұрғыны:

- Еден жуып жүр едім. Карантин басталағалы үйде отырмын. Күйеуіммен ажырасып кеткенбіз. Ол да қазір алимент төлей алмай жатыр. Үйінде карантинде отыр. Жәрдемақыға балалардың керек-жарағын аламын. Бұл көмекке рахмет айтамын.

Волонтерлер күні бүгінге дейін азық-түлік салынған 8 мың себет таратқан. Одан бөлек, қажетсінген тұрғындарға медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек жеткізіп береді.

Дәулет Кәрібек, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:

-Азық-түлік себетіне I-komek, 109 арқылы 30 мың өтініш келіп түсті. Соларды кезек-кезекпен таратып жатырмыз. Волонтерлердің маскасы, перчаткасы, ара қашықтықты сақтап, карантин режимінде жүруін қадағалап отырамыз.

Волентерлер әр 10 күн сайын арнайы тест тапсырады. Өйткені өз денсаулықтарын да ойлауы қажет. Жалпы қазір қалада 109 нөмеріне қоңырау шалып, көмек сұраған жандардың керегін жеткізіп беретін 450 волонтер бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы