425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жайық өзенінен бір күнде 700 келі балық пен 14 браконьерлік қайық тәркіленді

  • 555
  • UPD: 21:23, 14.04.2020

Жайық-Каспий бассейнінде «Бекіре-2020» балық қорғау шарасы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – көктемгі балық аулау маусымымен бірге жүргізілетін шара. Биыл балық көп. Атырау балықшылары он күнде 1 мың тоннадан астам су маржанын сүзді. Дәл осы мезгілде суыққолды браконьерлердің де көбейетін кезі. Бір ғана рейдтік шара барысында балық қорғаушылар 700 келі балық пен 14 қайық тәркіледі.

Биылғы көктем малға да, жанға жайлы болып тұр. Күннің күрт жылынуынан Жайық-Қиғаш өзендерінде мұз ерте кетті. Нәтижесінде теңізден тұщы сулы өзендерге шығатын балықтың басы да ерте білінді. Күні бүгін балық кооперативтері 1 мың тоннадан астам су маржанын теріп үлгерді. Күн райын берсе, балықшылар көктемге белгіленген 7 мың тонна лимитті толық орындап шығамыз деп отыр.

Захар Хисин, балық кооперативінің бригадирі:

– Тәулігіне 3 тоннадай балық шығып тұр. Бір тартымнан 30-40 центнер балық ұстаудамыз. Қарагөз, табан, майшабақтар жақсы жүріп жатыр. Енді күн жылынса, қызыл балық білінетін болар деп үміттенеміз. 

Өзендердегі балық қорының молаюына өзен арналарын тазарту жұмыстары да игі ықпал ете бастаған. Қазір 16 өндірістік кооперативке біріккен 3 мыңнан астам балықшы айдын түбінен алаңсыз су маржандарын теруде.

Амангелді Ахтанов, ихтиолог:

– 2018-2019 жылдары теңіз тамағы балық жүретін каналдар аршылды. Соның себебінен балықтың жүруі жақсы. Биыл түп тереңдету жұмыстары жалғасады. Қазір балықтардың уылдырық шашу маусымы, алайда ауруға байланысты қазір жұмыстар тоқтап тұр.

Балық басының ерте білінуі оңай олжаға құныққандардың тынышын алғандай. Барлық құқық қорғау органдарының кешенді жұмыстарына қарамаста,н браконьерлер де оңай олжадан қарпып қалуға жанталасуда. Инспекторлар Жайық өзенінен бір күнде 700 келі балық пен 14 браконьерлік қайық тәркіледі.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, табиғат қорғаушылар шамасы келгенінше, Жайық-Каспий бассейніне балықты көптеп енгізуге күш салып жатыр. Маусым басталғалы бері 2 тоннадан астам осындай браконьерлік жолмен ауланған балық ұсталған екен. Жалпы бұрын Гурьев кәсіпшілігі балық аулап тұрған кезде ескектің өзіне мата орайтын, сондай-ақ шіркеу қоңырауын қағуға да рұқсат берілмеген. Себебі бұл кез табиғаттың оянатын, балықтың көбейетін кезі боп саналады.

Осыған орай, Атырауда барлық күштік құрылымдар балық қорғау шарасына атсалысуда. Нәтижесінде өткен 14 күнде табиғат пайдалану ережесін бұзған 174 дерек тіркеліп, браконьерлерге 1,2 млн теңге айыппұл салынды. Олардан 52 дана ау құралы мен 8 моторлы қайық тәркіленді. Балық қорғау шарасы маусым айына дейін жалғасады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы