425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

30 мыңнан астам медицина қызметкеріне үстемеақы төленді

  • 599
  • UPD: 23:26, 14.04.2020

Қазіргідей сын сағатта дәрігерлердің өз денсаулығына төнген қауіп көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ солай екен деп, құл қусырып отырған ақ халатты жоқ. Барлығы күні-түн дамыл таппайды. Осыны ескерген Үкімет те Президенттің пәрменімен дәрігерлерге үстемеақы төлей бастады. Айта кетерлігі, елде 30 мыңнан астам медицина қызметкері осындай сыйақы алады. 

Індетпен күресіп жүрген инфекционист дәрігер Әсем Омарова бір айы бойы үйіне бармады. Әріптестерімен арнайы бөлінген демалыс орнында бірге тұрып жатыр. Жалақыларына үстемеақы қосылғанына риза. Алайда қазіргі таңда қаржылай көмекпен бірге халықтың қолдауы да күш-жігер береді дейді ол.

Әсем Омарова, Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының инфекционист дәрігері:

– Мемлекеттің бізге берген жәрдемақысы керемет, қолдау беріп жатқанына рақмет. Бірақ әр адамның жаны, денсаулығы бізге маңыздырақ болып жатыр. Әр адамның алғысы бізге өте маңызды. Қазіргі уақытта дәрігерлерге 2 есе күш түсіп отыр. Үйімізге бармаймыз. Үйде отырыңыздар, жақындарыңызбен болыңыздар.

Көкшетаулық дәрігерлер де мемлекеттің қамқорлығына ризашылығын білдірді. Бүгінде бізге қолдау ауадай қажет. «Себебі отбасымызбен тек онлайн және телефон арқылы байланысамыз, үйге қашан оралатынымызды білмейміз дейді олар. 

Наталья Соколова, көпсапалы облыстық ауруханасы провизорлық стационарының басшысы:

– Біз қазір арнайы киіммен жұмыс жасаймыз. Өте ауыр. Сонымен қатар отбасымызды тек онлайн көре аламыз. Бізде ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар жатыр. Біз 2 категорияға кіреміз. Яғни 450 мың теңге. Алдыңғы аптада барлығымыз үстемеақыны алдық. Әркім әртүрлі соммада қаражат алды. Әрине, мемлекеттің бізге қолдау көрсетіп жатқаны үлкен көмек. Әрқашанда дәрігердің мәртебесін көтерсе екен дейміз. Себебі қазіргі таңда бізге де өте қиын.

Бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін қолдап, Facebook-тегі парақшасына үндеу жариялады. «Біз бұл вирусты да жеңеміз, мен оған сенімдімін.

Індетті біз бен сіздің кәсіби біліктілігіміз, ғылым мен тәртіп жеңеді! Өздеріңізге сақ болыңыздар!», –  деді ол.

Әрине, бұл медицина қызметкерлерінің үлкен еңбегін көрсетеді. Адам өміріне араша түсіп жүрген бүгінгі күннің қаһармандарына қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Себебі өз өмірін тәуекелге тігіп, аурумен күресу қаупінің салдарын ешқандай ақшамен өлшей алмаймыз.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова

Хабар 24 телеарнасы