419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында 636 дәрігер алдыңғы шепте жұмыс істеп жатыр

  • 287
  • UPD: 10:30, 15.04.2020

Коронавирусқа қарсы төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Павлодар облысында 636 дәрігер алдыңғы шепте жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орта және кіші буын медицина қызметкерлері, шаруашылық саласының жұмысшылары, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері де солардың қатарында. Инфекциялық, карантиндік және провизорлық госпитальдан сыртқа шығуға болмайды. Бүгінгі таңда олардың бәріне бірдей жалақыға қосымша үстемақы төленді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне орай COVID-19 диагнозы анықталған науқастармен және олармен байланыста болып, карантинге жабылған адамдармен жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге 118 миллион теңге төленді. Бұл қаржы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы республикалық бюджеттен бөлінген. Қосымша ақы жұмыстың қауіптілігіне қарай 380-нен бастап 850 мың теңгеге дейін төленеді. Бұған дейін эпидемиологиялық шараларға қатысқан 490 дәрігер үстемақы алған болатын. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді.

Зере Садақова, облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационары бас дәрігерінің орынбасары:

- Қауіпті кесел жұқтырған науқастармен жұмыс істеу оңай емес. Дәрігерлер бір реттік арнайы киімдер киеді. Аурудың денсаулығын тексеріп, ем-шаралар жасайды. Тамақтандырады, тазалыққа уақыт бөледі. Таза аймаққа шыққанда оның бәрін шешіп, жуып-шаюы керек. 22 наурызда коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеп жатқан дәрігерлер жалақы мөлшерінде үстемақы алды. Одан кейін наурыз айының қорытындысына орай осы санатқа жататындардың бәріне қосымша ақы төленді. Бүгінгі күні инфекционист дәрігерлер мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Халықтың да ықыласын сезініп отырмыз.

Ал Қымбат Қазкенованың төтенше жағдайда жұмыс істеп жатқанына бүгін 20 күн. Күрделі кезеңде Мемлекет басшысы дәрігерлерге үлкен сенім артып отыр. «Біз де аянып қалмаймыз», - дейді ол.

Қымбат Қазкенова, облыстық аурухананың инфекционист дәрігері:

- Менің басты міндеттерім – коронавирус жұқтырған адамдарды анықтау, оларға ем тағайындау диагноз қою, емін қадағалау және уақыты келгенде анализдерін қайталап, ауруханадан шығару. Президентіміздің бізге беріп жатқан үстемақысына алғысымызды білдіреміз. Еңбегімізді бағалап, бізді түсініп жатқанына. Осы наурыз айының 26-ынан бастап карантинге кірдік. Сондықтан да бізде сол бірінші санат бойынша төлемақы бізге бөлініп төленді. Сәуір айында толық аламыз деп ойлаймыз.

Хабар 24 телеарнасы