425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада 110 адам коронавирустан жазылып шықты

  • 335
  • UPD: 10:32, 15.04.2020

Елімізде коронавирус жұқтырғандар күн сайын ұлғайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, қауіпті індеттен жазылғандар да көп. Бүгінге дейін Қазақстан бойынша 203 адам емделіп шықты. Вирустан жазылғандардың басым бөлігі елордада тіркелді. Ел астанасында 110 адам жаппай тараған індеттен айықты.

Елордада соңғы тәулікте 47 науқас коронавирустан жазылып шықты. Олардың арасында медицина қызметкері де бар. Қазір олар 14 күндік үй карантиніне жіберілді.

Қала тұрғыны:

Мен өзім медицина қызметкерімін. Бұған дейін бізден ауруханада анализ алды. Бір күннен кейін менің сынамам оң нәтиже көрсеткенін айтты. Сосын жедел жәрдем үйден алып кетті. Бізді инфекциялық ауруханада 18 күн емдеді. Барлық медициналық көмек көрсетілді. Мен отбасыммен байланыста болдым, бірақ олардан коронавирус анықталған жоқ.

Соңғы тәулікте коронавирустан айыққан 47 пациент наурыз айының аяғынан бастап елордадағы инфекциялық стационарда ем қабылдады. «Қазір індеттен айыққандардың жағдайы қанағаттанарлық», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова. Емделіп шыққандар тарапынан қандай да бір шағым түскен жоқ.

Әлия Рүстемова, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлық пациенттер арнайы нұсқаумен шықты. Олар 14 күн үйлерінде карантинде жатулары тиіс. Бұл өзіңді оқшаулау деген сөз. Пациенттер бұл тәртіпті міндетті түрде сақтағаны дұрыс. Үйде бетперде тағып, отбасымен қарым-қатынасты шектеу керек. Жеке бөлмеге жатып, қолдарын жиі жуып, гигиена талаптарын қатаң сақтауы керек.

Бүгінде елордадағы инфекциялық стационарда жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр. Екеуі жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Науқастар толыққанды ем қабылдауда.

Авторы: Қанат Базылханов

Хабар 24 телеарнасы