418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Депутаттар құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттамадан бас тарту ұсынысына қарсы шықты

  • 189
  • UPD: 12:10, 15.04.2020
Депутаттар құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттамадан бас тарту ұсынысына қарсы шықты

Парламент Мәжілісінің депутаттары техникалық жағынан күрделі санатқа жатпайтын нысандардың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамадан бас тарту туралы ұсынысқа қарсылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мәжілісте Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасын таныстырған болатын.

Заң жобасы бойынша техникалық жағынан күрделі емес нысандардың құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және оны сараптамадан өткізу рәсімін алып тастау ұсынылған еді. Алайда депутаттар заң жобасынан бұл норманы мүлде алып тастау керектігін айтты.

«Сіздердің ережелеріңіз бойынша техникалық жағынан күрделі емес нысандардың ішіне екінші және үшінші деңгейдегі нысандардың бәрі жатады. Енді осы нысандардың тізімін қараңыздар. Олар: 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер, 600 орынға дейінгі мектеп, 800 адамға дейін келетін ойын-сауда орталықтары және тағы басқа... Енді осы нысандардың бәрін жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз салуды ұсынып отырсыздар. Осы заң жобасын әзірлеушілер мына заң жобасын ұсына отырып, «мұндай нысандарға адам көп келмейді» деп жазады. Бұл жерде не айтуға болады? Бір ғана сұрақ туындайды: Министрліктер мен ведомстволардың бірі болсын Мәжіліске жіберген заң жобасын оқыды ма өзі?» - деді Нұрлан Нығматулин. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев заң жобасынан алдағы уақытта бұл норма мүлде алынып тасталатынын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы