428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында карантин мерзімі 1 мамырға дейін ұзартылды

  • 346
  • UPD: 12:20, 15.04.2020

Атырауда коронавирус дертіне шалдыққандар саны 70-ке жетті. Оның 12-сі жазылып, қатарға қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, өңірде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, енді тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері мен әскерилермен қоса журналистер де экспересс-тестіден өтеді. Ауру ошағы анықталған Теңіз кен алаңында Батернас қалашығында екі апталық карантин жарияланды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау облысында коронавирус індеті өршігелі бас санитарлық дәрігердің шешімімен карантин мерзімі 1 мамырға дейін ұзартылды. Соған сәйкес сақтық шаралары күшейді. Атап айтқанда, қала көшелерінде қозғалыс мейлінше шектелді. Облыс орталығының аудандармен қарым-қатынасы тоқтатылды. Нәтижесінде әзір аудандар тыныш. Тек Жылыой ауданына қарасты «Теңіз» кен алаңынан жұқпалы індет жұқтырған 10 науқас анықталып, ауру ошағы екі апталық карантинге жабылды. Жалпы Теңіз кен алаңында 17 мыңнан астам жұмысшы мәжбүрлі демалысқа жіберілді. Коронавирус ауруы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін де айналып өткен жоқ. Өткен сенбі күні карантин ошағына барған КТК телеарнасының қызметкерлері де уақытша оқшаулауға алынған болатын. Қазір оның біреуі үй жағдайына шығарылды. Телеоператор әлі ем алып жатыр. «Осыған орай облыстағы барлық журналистер арнайы тестіден өткізіледі», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ержан Төлек, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Атырау облысының төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб журналистердің де эспресс-тестіден өтуіне мүмкіндік жасап отыр. Өйткені қазіргі кезде халықтың барлығы үйлерінде отыр. Сондықтан журналистер, біздің әріптестеріміз қауіп-қатермен бетпе-бет келсе де, шынайы ақпарат тарату үшін жұмыс істеп жүр. Сондықтан біздің штаб осындай шешім қабылдады. Сонымен қатар қазір қауіп-қатерге қарамастан, күні-түні қызмет етіп жүрген тағы да бірнеше сала мамандары бар. Олар медицина, полиция қызметкерлері және қорғаныс саласының қызметкерлері. Олардың да коронавирусқа қарсы экспресс-тестіден өтуіне мүмкіндік жасап отырмыз. Тест жеткілікті. Оларды біз демеушілердің көмегімен сатып алдық.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Облыс орталығында жарияланған карантиндік жүйеге орай 16 сәуірден бастап барлық мекеме кәсіпорындар жұмысын тоқтатады. Тек халық үшін ерекше маңызға ие қызмет түрлері мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыстарын істейді. Бірақ облыс аудандарында қауіпті індеттің белгісі байқалмағандықтан, ауыл тұрғындары қалыпты тірліктерін жалғастырып жатыр. Олар 1 мамырға дейін қалаға қатынаса алмайды.

Хабар 24 телеарнасы