424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте төтенше жағдай кезінде құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

  • 371
  • UPD: 20:31, 15.04.2020

Карантин жұмысқа қолбайлау болмауы керек, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл туралы «Шымкент сити» шағын ауданында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралаған қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Шаһар басшысы қайта осындай сәтте өзге өңірлерден келіп, бос жатқан мамандарды еңбекке тарту жағын қарастырған жөн деді. Бірақ мұндайда азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс.

Миллионды қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен  жұмысшылардың  денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Індет жұққанның өзінде қанша адам кетеді? Оны қазір білмейсіңде... Ауырып жүр ме, ауырып жүрген жоқ па? Біреуі жұқтырады. Мысалы, ол үйіне барады, анау үйіне барады. Сөйтеді де жаппай кетеді. Қазір ойласу керекпіз де қалай оны жұқтырмау, қалай рұқсат беруге болады?

Қала әкімі 16 қабатты «Француз» стилінде салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын бағамдады. Қазір мұнда 360 пәтерлі тұрғын үй жұмыстарының негізгі бөліктері аяқталған. Ішкі жөндеу және қас бетін қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Қала аумағында карантин жариялануына байланысты қалаға шеттен келетін  жұмысшылардың  бірқатары келе алмай қалған.

Абжат Акимов, бас инженер:

– Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Коронавирусқа байланысты халықтың жағдайы үшін маска, антисептик... Жалпы жеке гигиенаны сақтап отырмыз. Өзімізде медицина қызметкерлері бар. Олардың күнделікті температурасын, жағдайларын тексеріп отырады.

Бұл құрылысқа 3 миллиард 955 миллион теңге қаралған. Нысанды аралап көрген қала әкімі қажетті құрылыс материалдарын тасымалдаушы көліктерге қалада жүріп тұруына ешқандай кедергі болмау керегін атап өтті. Оған қоса қажетті құрылыс заттарын сататын көтерме қоймалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған. Құрылысшылармен сөйлескен қала әкімі мердігерге тұрғын үйді қала күніне орай тапсыру керектігін айтты. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы