428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының диқандары озық технологияның игілігін көруде

  • 447
  • UPD: 21:47, 15.04.2020

Алматы облысында жыл сайын 85 мың гектарға жуық алқапқа жүгері себіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 33 проценті Панфилов ауданының еншісінде. Қазір мұндағы шаруалардың бір бөлігі егістікке қамданып жатса, бір бөлігі қазірден қыр басында жүр.

Жәнібек Оханов ауданда алғашқылардың бірі болып көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Шаруа 1500 гектар жерін жыртып, жүгері егуге дайындап жатыр. Қолданылатын тамшылатып суғару технологиясы егістік алқапты ылғалдандырмай-ақ, дақылды себуге мүмкіндік береді. Әрі жердің құнарын сақтап, тіршілік нәрін үнемдейді.   

Жәнібек Оханов, шаруашылық жетекшісі:

– Бұрын біз секундына 700 литр су алатынбыз, қазір 100 литр сумен шығып кетеміз. Өнімділікті арттырып жатырмыз. Өнімділігі арықпен суарғанға қарағанда 2-3 есе көп. Ауданда 7,8 тонна алып жатса, бір гектардан бізде 18,19,20 тоннаға жетіп жатыр. Бұл енді рекорд деп айтуға болады. Біздің аудан бойынша.

Шаруашылық жүгеріні тамшылатып суарса, жаңбырлату тәсілімен  300 гектарға жоңышқа өсіреді. Ол үшін мобильді қосымшамен басқарылатын арнайы қондырғы әкеп орнатқан. 

Павел Манзоркин, шаруашылықтың бас инженері:

– Өткен жылы біз төрт рет жоңышқа шаптық. Осы жүйе арқылы биыл беске жеткізсек деп отырмыз. Телефон арқылы басқару өте қолайлы. Интернет болса болды. Бір шаршы метріне қанша су керек болса, сонша енгізіп отырамыз.

Жаркент өңірінде жайылымды суармалы жерге ауыстыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның есебінен аймақтағы егістік алқабы жыл сайын жүз гектарға ұлғайып отыр. Биыл аудандағы 26100 гектарға осы дақыл себілмек. Қазір дала еңбекшілері көктемгі науқанға кірісу үшін күн райының жылынуын күтіп отыр.  

Жұмағазы Наймантаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бізде 5 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Соның 3,4 мыңы жүгерімен айналысады. Жүгеріні әлі бастаған жоқпыз. Жүгерінің себетін уақыты жердің температурасы 12 градусқа жетуі керек. Сәуір айынның 20-сынан ары қарай бастаймыз. Бүгінде егетін, себетін техникамыз 100 пайыз дайын. Былтыр 166 мың тонна өнім алдық. Биыл одан көбейтеміз деп отырмыз.

Алматы облысында биыл 230 мың тонна тұқымдық дәнді-дақыл дайындалған. Оны 630 мың гектарға себу жоспарланып отыр. Егістік науқаны оңтүстік өңірден басталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы