431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Туризм саласының аяқтан тұруына кемі 1,5 жыл керек

  • 337
  • UPD: 22:46, 16.04.2020

Дағдарысқа ұшыраған туризм саласының аяқтан тұруына кемі 1,5 жыл керек.

Осы саладағы сақа мамандардың пікірі сондай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай енгізілгелі 30 мың тур орындалмай қалған. Мыңдаған адамның жолдамасы жарамсыз болып қалды. Енді туристік фирмалар мемлекеттен қолдау күтеді.

Биыл шетелге шығып, теңіздің суына шомылып, тарихи орындарды аралауға кез келгеннің жүрегі дауалай қоймас. Әрі туризмі дамыған елдердің өзі сырттан адам кіргізуге дайын емес. Испания мен Италия жаз маусымында сыртқы туризмге тыйым салмақ. Шекара асып, шетелде демалып үйренгендер енді қайтпек? Сыртты қойғанда өзіміздің туристік агенттіктердің жағдай мәз емес.

Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының басқарма төрайымы:

- Карантин аяқталып, біз кеңсемізді ашқан бойда көп адам ақшасын қайтарып алуға әрекет жасайды. Осы орайда айтарым, алдын ала жоспарланған турлардың ақшасын біз қызмет көрсетушіге аударып жібереміз. Қонақ үйлердің талабы сондай. Әуе компанияларына да ертерек төлем жасап қоямыз. Ол ақша айналымға жұмсалады. Қазір әуе компанияларының шығыны көп. Туристік агенттіктерде қазір қаржы жоқ.

Туризм саласының кәсіби маманы алдағы уақытқа болжам да жасап қойған. Шекара ашылғаннан кейін туристік операторлар арзан жолдама ұсынып, түрлі жеңілдік жасауы мүмкін. «Алайда, бұл уақытша», дейді. Себебі, шығынға батқан агенттіктер мен операторлар кейін бағаны өсіруге мәжбүр болады. Ол кезде қалтасы көтере алатындар ғана шетелге шығады. Ал қазіргі төтенше жағдай режимінде туризм орталықтарының жұмысы тоқтап тұр. Бірақ мамандар қол қуысырып қарап отырған жоқ, алды-артын болжап, болашаққа қам жасап жатыр.

Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының басқарма төрайымы:

- Ресейден ұсыныстар күтеміз. Себебі, ең жақын көршіміз. Осы саладағы заңдарымызда да ұқсастық ұқсас. Егер Ресейдің теңіздеріне рұқсат алсақ, жақсы болар еді. Олардың өздерінде де демалушылар көп. Жан-жақтан барған адамдарды қабылдау қиын болады. Сондықтан шектеу қоюлары мүмкін. Өзіміздің Каспийдің суы кеш жылиды. Ол уақытта жұрт мектепке дайындықты бастайды.

«Қазақстандықтар биыл Алакөл, Балқаш пен Бурабайға ағылады», - дейді маман. Алайда, елдегі демалыс орындары оған дайын болмауы да мүмкін. Алматы мен Оңтүстіктегі шипажайларды таңдайтындар да көп. Сөйтіп, жылда мыңдаған адамды шетелге қыдыртып қайтатын операторлар биыл амал жоқ отандық туризмді насихаттауға мәжбүр. Ал туристік операторлардың ес жиып, ісін жалғастыруына 4 млрд теңге керек екен. Маманның есебі осындай.

Салтанат Омарова:

- Туристер өз ақшасын қайтаруды талап етсе де, оған ұзақ уақыт керек. Шетелдегі қызмет көрсетуші компаниялар ақшаны қайтаруға дайын емес. Тек мерзімін кейінге шегеруді ұсынады. Еуропаның кей мемлекеттері бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешіп, туристердің демалысқа салған ақшасын сақтап қойып, ваучер ретінде, кейін пайдалануға мүмкіндік беріп жатыр. Біздің елде нақты шара қолданса дейміз.

Агенттіктер кейінге шегерілген  турларды 2021 жылдың аяғына дейін орындауға дайын. Ол үшін мемлекеттен қолдау күтеді. Бизнестің осы түріне жеңілдікпен несие берілсе деген үміттері бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Есбол Жәмшитов

Хабар 24 телеарнасы