425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада карантинге байланысты кәсіп ауыстырғандар көп

  • 295
  • UPD: 15:40, 17.04.2020

Карантин кезінде мамандығын өзгерткендер аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бірінші кезекте, сұранысы өскен салаларға маңыз беріліп жатыр. Мәселен, кейбір құрылысшылар таксиге, ал кеңсе мамандары курьер қызметіне ауысты. Жалпы, 15 наурыздан бері 420 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген.

33 жастағы Владислав Гудцев  қазір такси жүргізушісі. Павлодар тумасы карантинге дейін құрылыс саласында инженер болып қызмет еткен. Үш баланың әкесі. Жолдасы декреттік демалыста. Санитарлық талапқа сай, көлігін күніне 2 мәрте дезинфекциялап тұрады.

Владислав Гудцев, такси жүргізушісі:

– Карантин тәртібі енгізілгенге дейін шағын құрылыс компаниясында қызмет еттім. Шектеу шарасына байланысты біраз маман ақысыз еңбек демалысына шығарылды. Кейбірі жұмыстан өз еркімен кетті. Олардың қатарында мен де бармын. Артынша такси қызметіне келіп, күніне 20 тапсырыс қабылдаймын.

Таксиге сұраныс шамамен 50 процентке өскен, дейді сала мамандары. Осыған байланысты жүргізушіге қойылар талап та күшейтілді. Мәселен, қызметке жасы 55-тен асқандар қабылданбайды. Өйткені олардың вирус жұқтыру ықтималдылығы жоғары. Сондай-ақ, жұмысқа темір тұлпарымен бірге орналасқысы келетіндердің көлігі ақ түсті болуы керек. Ал зауыттан шыққан уақыты 2015 жылдан ерте болмауы қажет.

Сәкен Ханхожин, қалалық көлік қызметкерлері қауымдастығының атқарушы директоры:

– Бірінші кезекте, жаңадан келген такси жүргізушісі қала көшелерін жақсы білуі керек. Екіншіден, тәжірибе өтілі 3 жылдан кем болмауы шарт. Медициналық анықтамасына да мән береміз.

Бұрын әуе билеттерін сатумен айналысқан Әлден Мұхамметқали курьер мамандығына уақытша ауысты. Оның жаңа салаға әбден машықтанып алғаны соншалық, онлайн берілген әр тапсырысты уақтылы жеткізіп отырады.

Әлден Мұхамметқали, курьер:

– Алғашында қиын болғанын жасырмаймын. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кеттім. Таңғы сағат оннан, кешкі сегізге дейін жүремін. Күніне кем дегенде 15, көп дегенде 25 тапсырыс түседі. Басында вирустың барына сеніңкіремей қарадым. Кейін әлемде болып жатқан жағдайды ескеріп, қамдана бастадым. Әр жеткізілімнен кейін қолымды антисептикпен жуып отырам.

Осылайша, қалалық жұмыспен қамту орталығына шамамен 3,5 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 700-ден астамы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы, қазір қала бойынша 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Алтынай Қосыбаева, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

– Оның ішінде медбике қызметкері, супермаркеттерге кассир, күзетші, сонымен қатар құрылысшылар, үйге тамақ тасу, сондай қызметкерлер қажет болып жатыр.

Айта кеткен жөн, карантинге байланысты жұмысынан қысқартылған 800-ге жуық азамат жәрдемақы алуға өтініш білдірген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурыз Базаров, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы