423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызметкері парамен ұсталған 11 басшы отставкаға кетуі мүмкін

  • 261
  • UPD: 13:04, 20.04.2020
Қызметкері парамен ұсталған 11 басшы отставкаға кетуі мүмкін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, басшысын да жазалау тәртібі қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік өкілінің айтуынша, 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап қызметкері жемқорлықпен ұсталған жағдайда басшысы да жеке жауапкершілікке тартылатыны жайлы талап күшіне енген.

«Бұл ретте басшыға қатысты отставканы қабылдау немесе оны тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін ұсталған бағынышты қызметкер тікелей кімге бағынатынын анықтап, айқындап алу керек. Мәселен, орталық мемлекеттік органдағы министрдің тікелей бағыныштылары – оның орынбасарлары, жауапты хатшысы, аппараттың басшысы немесе аумақтық бөлімшелердің басшысы», - деді Айгүл Базарбаева агенттіктің онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында. Агенттік өкілі өз сөзін нақты мысалдармен келтірді.

«Мәселен, Сәтпаев қаласы әкімі отставкаға өтініш берді. Оның тікелей қызметкері жемқорлық жасаған. Бұл қылмыс 10 желтоқсанда жасалғанына қарамастан моральдік-этикалық қағидаттарды негізге ала отырып, Сәтпаевтың әкімі отставкаға кетуді өтінді. Әзірге отставка қабылданған жоқ. Ол тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында да осындай жағдай тіркелген.

«Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісінде осы жағдайларға қатысты бірнеше сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, кейбір іс сотта қаралуда. Осы істер бойынша 11 басшы жауапкершілікке тартылатын болады», - деді ол.

Хабар 24 телеарнасы