399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы маңындағы «Тау күні» балалар лагерінде лай көшкіні болды

  • 128
  • UPD: 22:45, 20.04.2020

Опырылып өзен жағасына дейін сырғып жеткен топырақтың мөлшері 13 мың текше метрден асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл соңғы бес жылдағы ірі көшкін. Абырой болғанда ешкім жапа шеккен жоқ.

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Көшкіннің қаншалықты қауіпті екенін мына топырақтың көлемінен-ақ байқауға болады. Мамандардың айтуынша, бұған толассыз жауған жаңбыр себеп болуы әбден мүмкін. Өйткені, бірнеше күннің ішінде бір айлық жауын-шашын мөлшері түсті дейді мамандар.

Кеңес заманында салынған балалар лагері Кіші Алматы өзенінің бойында, тау бөктерінде орналасқан. Сызат ғимараттың дәл іргетасының жанынан түскен. Опырылған топырақ сырғып барып өзен жағасына дейін жеткен. Лагерь жаз мезгілінде ғана жұмыс істейтіндіктен, ешкім болмаған.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасының бастығы:

– Қазір тоқтап тұр. Жоғары жағында нысанның ішін аралап шықтық. Мына жерден басқа еш жерден сызат, жарылыс қаупін байқап тұрғамыз жоқ. Дегенмен бұл нысанға тақалып түскеннен кейін, тағы да сырғып кету қаупі бар.

Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті әзірге ғимараттарды пайдалануға тыйым салды. Жазғы демалыста оқушыларды қабылдайтыны немесе қабыдамайтыны да белгісіз.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

– «Тау күні» кешені жекеменшік. Өзінің иелері бар. Сол кісілерге біз өзіміздің арнайы ұсыныстарымызды айтып, қазір шешім қабылдап жатыр.

Алматыда тау бөктеріне зәулім үй салушылардың саны азаяр емес. Әдемі коттеждер менмұндалап тұр. Бірақ қауіпсіздікті де ойлаған жөн. «Қазселденқорғау» мекемесі мамандарының айтуынша, Алматы маңында көктем мезгілінде лай көшкіні қаупі жоғары 41 аумақ бар. Олардың дені Бостандық және Медеу ауданында. Топырақтың көшуіне жаңбырдан басқа да жайттер әсер етеді.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасының бастығы:

– Бұл сырғымалардың көбіне орын алуы кәріз құбырларының жарылып кетуі және су құбырларының жарылуы. Бұрынғы кезден келе жатқан кейбір су құбырларына 25, 30, 40 жыл болғандары бар. Сол жердің астынан су құбырлары жарылады. Одан топырақ ылғалданып, осындай сырғымаға алып келіп жатыр.  

Жыл соңына дейін қауіпті деген 41 жердің паспорты жасалады. Оған жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді. Өзеннің ағысына кедергі келтірмейтіндіктен, лагерьдің түбінен опырылып түскен топырақ сол күйінде қалатын болды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы