422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары басталды

  • 325
  • UPD: 11:48, 21.04.2020

Кешенді шаралар аясында облыс орталығына қарасты саябақ және саяжай аумақтары арнайы препаратпен өңделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдардың хабарлауынша, дезинфекциялық жұмыстарды дәл қазір бастау керек. Себебі, маса дернәсілдері күн жылынғанда тез дамиды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Облыс орталығына қарасты саяжай аумақтарында қардың еруі салдарынан осы тектес 20-ға жуық ұсақ көлшік пайда болған. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде дәл осы жерлерде маса дернәсілдері көп кездеседі. Мониторинг нәтижесінде бір шаршы метрге шаққанда дернәсілдің 50 данасынан келеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар қаласында дезинсекциялық шаралар алдымен саяжай аумақтарында басталды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда осы тектес көлшіктерде шыбын-шіркейлердің дернәсілдері пайда болған. Жалпы биылғы жылы облыс орталығындағы 10 мыңнан астам гектар жер арнайы препаратпен өңделетін болады.

Саяжай шаруашылықтарындағы монитронг үш апта бұрын басталған. Улау шараларына 30 адамнан тұратын үш бригада шығады. Мамандардың басты мақсаты – дернәсілдердің жәндікке айналуына жол бермеу.

Аманжол Уляев, өнеркәсіптік биосинтез ҒЗИ бас директорының орынбасары:

- Павлодар қаласындағы саяжайлардың барлығын бақылаймыз. Күн күрт ысып кетсе, маса бір-ақ күннің ішінде ұшып кетеді. Оған тосқауыл қою үшін бар күшімізді саламыз. Қазіргі уақытта дернәсілдің дамуы бірінші және екінші деңгейге жетті.

Саяжай аумақтарындағы көлшіктерді өңдеу осындай сепкіш құралдардың көмегімен жүргізіледі. Әр аппаратқа 12 литр ерітінді құйылады. Жалпы, дезинсекция жұмыстарына «Аверфос» және «Биокамарин» атты отандық өнім қолданылады.

Есей Файзолла, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Павлодар қаласындағы саябақтар мен скверлер де өңделеді. Облыс орталығына қарасты Мойылды ауылының 50 гектар жерінде де дезинсекциялық шаралар жүзеге асырылады. Қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстары тамыз айына дейін тұрақты жүргізіледі.

Дезинсекциялық шаралар Ертіс өзенінің шабындық жерлерінде де қолға алынады. Оған облыс бюджетінен 600 млн теңге бөлінеді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы