Бір тәулікте COVID-19-ды жұқтырған 141 адам тіркеліп, қауіпті індеттің өсу көрсеткіші 8,2%-ке жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Бүгінгі күні вирусты жұқтырғандар 2 мыңға жуықтады. Ең көбі Алматы қаласында тіркеліп отыр. Мәселен, жаңадан анықталған 82 науқастың 78-і жоспарланған скрининг тест нәтижесінде белгілі болған. Олардың 60-ы орталық клиникалық ауруханадағы науқастар мен медициналық қызметкерлер. Шымкент қаласында тіркелген 23 адамның 16-сы скрининг бойынша анықталған төтенше жағдай департаментінің өкілдері.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жалпы өткен тәулік бойынша 19 науқас қайтыс болып, 447 науқас емделіп шығарылды.Қазіргі уақытта 1386 науқас емделіп жатыр, олардың арасында 100 бала бар. Жалпы орташа жағдай бойынша – 258 адам, нашар жағдай бойынша – 32 адам, қалған 1096 науқастың жағдайы бірқалыпты.