419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин арқалықтық кәсіпкерлерге қалай әсер етті

  • 351
  • UPD: 08:35, 22.04.2020

Карантин кәсіпкерлерге біраз қиындық тудырып жатқаны анық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дағдарыстың салдарын әсіресе шағын және орта бизнес саласы қатты сезінді. Бір ғана Арқалық қаласында қонақүй, қоғамдық тамақтандыру орындары сияқты 30-ға жуық нысан жұмысын уақыташа тоқтатты.

Бокситі таусылуға тақаған Арқалықтың ендігі арқа сүйер күші – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл бағытта оң нәтижелер жоқ емес. Мысалы, өткен жыл ішінде шағын қалада 100-ге жуық жаңа бизнес нысандары ашылған.

Ерлан Ғалымжанов, Арқалық қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Осы соңғы ашылған асхана, наубайхана, автокөліктерді бояумен айналысатын жеке кәсіпкерлер соңғы жылда тіркелді. Қала бюджетінің 30 пайызын шағын және орта бизнес құрайды.

Қазір Арқалықта 4 наубайхана жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы күніне 2 жарым мыңға жуық бөлке нан пісіреді. Оның өзі аздық етеді. Қала маңындағы ауыл-аймақтардан келіп, алушылар көп. Мұндағы кәсіпкерлер соны пайдаланып, бас пайдасын күйттемей, сауапты істерге мұрындық болып жүр.

Айгүл Карбенова, наубайхана технологы:

– Қазір әр бөлкенің өзіндің құны – 83 тенге, оған біз бір тиын да қоспай, сол бағаға сатып жатырмыз. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге көмектесу парыз деп білемін. Тұрмыс жағдайлары төмен отбасыларға, зейнеткерлерге тегін нан таратып, қолдау көрсетеміз.

Бір айдан бері Арқалықтағы мейрамхана, қонақүйлердің жұмысы тоқтап тұр. Бірақ бірде бірі кәсібін жапқан жоқ. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдаудың септігі мол.

Ерлан Ғалымжанов, Арқалық қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Салықтан босатып жатыр. Және өз қызметін уақытша тоқтатқан азаматтарға 42 мың 500 тенге тағайындалып жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау тауып жатыр деп ойлаймын.

Қостанай облысындағы кәсіпкерлер ғимараттарды жалдау ақысынан босатылады. Ондай 522 нысан бар екен. Сондай-ақ бизнес өкілдерінің есеп-шоттарын бұғаттау туралы бұрыңғы сот шешімдерінің күштері жойылды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы