432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Электрондық сауда: нені білу керек?

  • 566
  • UPD: 18:00, 22.04.2020

Елімізде электрондық сауда еркін тыныстай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы 3 миллионнан аса отандасымыз ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, сауда жасаған. Биыл осы қарқын үдей түседі дейді мамандар. Өйткені карантин кезінде тұрғындардың дені керек затын ғаламтор арқылы алдырып жатыр. Осы ретте, алаяқтарға да алданып қалмау маңызды. Сан соғып қалмау үшін не істеу керек?

Қауіпті кесел біраз елді буып тастады. Артық қадам құрдымға кетіретіндей көрінеді. Бүркеніп алған бұқара мұндайда не істейді? Амалсыз ғаламтор ақтарады. Кейбірі керегін сол жерден алдырып та жатыр. Карантин кезінде онлайн тапсырыс берушілер тіпті көбейген. Әсіресе, азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өскен.    

Бұлан Оспанов, ҚР сауда және интеграция министрлігі электрондық сауданы дамыту басқармасының басшысы:

– Азық-түлік жеткізу саласының өкілдері төтенше жағдай кезінде тұтынушылардың тапсырысы күрт өскені байқалады. Бүгінгі күнді алатын болсақ, орташа түбіртек бағасы 4-5 мың теңгені құрайды.

Интернетке икемі жоқ қарттар ғана шығар. Ал кейінгі буын мұны кеңінен меңгеріп алған. Өткен жылы елімізде онлайн тапсырыс бергендердің саны 3 миллионнан асыпты. Олар 300 млрд теңгеге сауда жасаған. Осыдан-ақ осы саланың адымы бірте алшаңдап жатқанын анық аңғаруға болады. Былтыр Қазақстанда электрондық сауданың үлесі 3,7 процентке жеткен. Ал әлем елдерінде бұл көрсеткіш тіптен көп. Көш басында әдеттегідей Қытай тұр.   

Бұлан Оспанов, ҚР сауда және интеграция министрлігі электрондық сауданы дамыту басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда Қазақстан нарығында 1700-ден астам дербес интернет-дүкендері және 20-дан астам электрондық сауда алаңдары жұмыс істеп жатыр. + 05:48 – 06:08 Тауарлаға қатысты айтар болсақ, оған гаджеттер, тұрмыстық техникалар, киімдер және косметикалық өнімдер жатады. Ал көрсетілетін қызметтерге тоқталар болсақ, әуе және темір жол билеттерін онлайн сатып алу, коммуналдық қызметтерді онлайн төлеу жатады.

Жауаптылар еліміздегі электрондық сауданың үлесін алдағы 5 жылда 10 процентке дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін осы салада еңбек ететін кәсіпкерлерге біршама жеңілдік жасамақ. Десе де, олардың қызметіне шалғайда тұратындар жүгіне алмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені, ғаламтордың не екенін білетін, бірақ соған үнемі қолы жетпей жүретін адамдар ауылдарда тұрады. Олар үшін интернет түгілі, мобильді байланыстың өзі мұң.

Мақсат Халық, экономист:

– Интернеттің бір жерде қолжетімділігі жақсы болса, бір жерде тұралап қалып жатқан жағдайлар бар. Сондықтан осы жағдайға 100 пайыз дайынбыз деп айта алмаймыз, дайындығымыз орташа деңгейде. Бұл деңгейді әлі де жақсарту керекпіз. Өйткені мұнсыз біз электрондық коммерцияны әрі қарай жандандыра алмаймыз.

Электрондық сауда сапалы интернет болған жерде ғана ілгерілейді. Ал бізде ауылды айтпағанда, цифрлық технологиялардың иісі мұрнына бармаған қалалар да бар. Ақпараттық жүйелердің ақсап тұрғаны осы карантин кезінде анық байқалды. Осы ретте, тұрғындарды түлкібұлаңға салатындар да табылады. Біздегі компанияларға тапсырыс беріп, тауарға көңілің толмаса қайтарып бересің. Ал шет мемлекеттерден зат алдырғандар кеткен шығынын өндіре алмайды. Өйткені азаматтық кодекске электрондық сауда әлі енгізілмеген.

Думан Базарбеков, заңгер:

– Кейбірі ақшасын алдын ала төлеп қойып, затын күтеді. Бірақ ол заты келмей қалады. Кейбір жағдайда зат келеді. Бірақ ол басқа зат. Түсі басқа, көлемі басқа. ҚР азаматтық кодексінде электрондық сауда әлі тіркелмеген. Өйткені кодексті қабылдаған уақытта электрондық сауда әлі көп тарай қоймаған.

Алаяқтардың құрығына түспеу үшін мамандар бірнеше кеңеске құлақ асу керек дейді. Ақшаны алдын ала төлеуге болмайды. Әлгі компанияның қаншалықты танымал екеніне көз жеткізіп алған жөн. Сондай-ақ жеке шоттарды әлеуметтік желіге жүктеуге болмайды. Әйтпесе, хакерлердің «жемтігіне» айналуыңыз әбден мүмкін.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы