423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда көлік қозғалысы толық бақылауда

  • 264
  • UPD: 15:50, 22.04.2020

Апта басында елордадағы біраз өнеркәсіп орындары жұмыстарының жандануына байланыста көшедегі көлік саны 10-15 пайызға көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантиндегі қаланың тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалайтын полицейлердің жұмысы да қыза түсті. Жолдағы жұрттың жағдайына жауапты органның қызметкерлері тәулік бойы сапта тұрып, тұрғындарға түсіндіру-ескерту жұмыстарын жүргізеді.

Карантиндегі қала тіршілігі қыза түсті.

Күннің жылынуы, әрі жедел штабтың кей салалардағы жұмысты қайта жандандыруы полицейлерге екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі жолдағы көлік қозғалысы көбейді. Олардың арасында карантин тәртібін сақтамай, себепсіз жүргендер де жетіп артылады.

Жедел штаб бекіткен ереже бойынша жұмысы жанданған мекемелер мен кәсіп иелері кешкі алтыға дейін еңбек етуі тиіс. Ал азық-түлікпен айналысатын кәсіпорындар түнгі онда жұмысын тоқтатады. Полицейлер осы тәртіптің орындалу барысын қадағалап, тәулік бойы жол бойында тұрады.  

Елжан Чупеков, әкімшілік полиция департаменті басқармасының басшысы:

– Қазір жағдайды бақылап отырмыз. Таңнан бастап жол жиегінде көліктерді қадағалаймыз. Біздің жұмысымыз да өзгерді. Мобильді бекеттер санын азайттық. Бірақ патруль қызметкерлері жүреді.

Қазір қала ішінде қатынауға рұқсат алған көліктердің нөмірі «Сергек» жүйесіне енгізілген. Сондықтан карантин тәртібін бұзған жүргізушіні анықтау қиын емес. Полицейлер қолындағы мобильді планшеті арқылы бірден тексеріп отырады. 

Елжан Чупеков, әкімшілік полиция департаменті басқармасының басшысы:

– Тұрғындарды шыдамдылыққа шақырамыз. Біздің жұмысымыз ең алдымен профилактика шаралары. Біз ешкімді жазалау мақсатында тексермейміз. Негізінен ескерту берумен шектелеміз. Халық біздің тарапымыздан айтылған сын-ескертпелерге түсіністікпен қарайды.

Кешкі сегізден бастап мобильді бекеттер көліктерді жаппай тоқтата бастайды. Полицейлер жолаушының қайда бағыт алғанын, не үшін жүргенін сұрайды. Сонымен қатар көліктің техникалық құрал-жабдығы да тексеріледі.

Авторлары: Қанат Базылханов, Дәурен Жұрхабаев

Хабар 24 телеарнасы