424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин режимі енгізілгелі елордада такси қызметіне сұраныс артқан

  • 585
  • UPD: 10:20, 23.04.2020

 

Қала тұрғындарына 14 жекеменшік компания  қызмет көрсетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл мекемелер әкімдіктің талабы бойынша іріктелген. Халыққа қызмет көрсететін көліктер тазалық пен қауіпсіздік шараларын қаншалықты сақтайды?

Елордада бір мыңнан аса автокөлік карантин режимін бұзып, айып тұрағына жіберілді. Қазір полиция қызметкерлері жолдағы бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілік жұмыстарын атқарып жатыр. Қалада сабылып жүргендер қатарында заңсыз такси қызметімен айналысатындар да көп. Себебі әкімдіктің шешімі бойынша тек бір компанияның ғана жолаушылар тасуға рұқсаты бар. Сондықтан өзге таксопаркқа тиесілі мекемелердің жүргізушілері жасырын жұмыс істеп жүрген жайы бар. Бірақ полиция қала тұрғындарының жүріс-тұрысын толық бақылауға алғанын айтады. 

Данияр Оралов, қалалық полиция департаментінің өкілі:

–Полиция әскерилермен бірге қаладағы жаяу тұрғындардың, көліктердің жүріс-тұрысын бақылап отыр. Яғни, планшеттерге азаматтар жайлы ақпараттар енгізу жұмысы тоқсан пайызға аяқталған. Бірақ ол жұмыстар әлі де жалғасуда. Неге десеңіз, 20-шы сәуірден бастап, кей кәсіпорындардың жұмысы жанданды. Жаңағы планшеттерде үй-жұмыс бойынша жалғастырудамыз.

Аслан Дүйсенбаев карантинде жолаушы тасымалдаумен айналысуға  рұқсаты бар компанияда еңбек етеді. Күніне 30-40 рейс жасайтын жүргізушінің табысы да еселеп өсе түскен. Себебі күндік жұмыстың нәтижесіне байланысты такси қызметкерінің айлығы есептеледі. Сондықтан Аслан шамасына қарай 10 сағатқа дейін жолда жүреді. Карантинге қарамастан тапсырыс та көп көрінеді. 

Аслан Дүйсенбаев, такси жүргізушісі:

– Бізге түскен тапсырыс біздің өзіміздің программамыз бар сол жерге түседі. Содан аламыз. А нүктесінен Б нүктесіне дейін апару біздің міндетіміз. Шағым түсіп жатса, сапа және бақылау бөлімі бар. Сол кісілер сол жерге шағым жасайды. 

Тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көбі бағаға қатысты. Жұрт такси қызметі қымбаттағанын айтады. Бұған қалалық көлік қызметкерлері қауымдастығының өз жауабы бар. Таксопарк мамандары қазіргі бағаны компания емес, арнайы бағдарлама жүзеге асыратынын тілге тиек етеді.

Аслан Дүйсенбаев, такси жүргізушісі:

– Бізге келген кезде біз өзіміз қабылдап, апарамыз. біздің программамыз автоматты түрде ақшаны санап қояды. Ол бізге байланысты емес. Қалай жүреміз. Айналып жүреміз бе немесе кептеліске түсіп жүрсек те оған ешқандай әсері жоқ.

Сәкен Ханхожин, қалалық көлік қызметкерлері қауымдастығының атқарушы директоры:

– Бағаны оператор да, жүргізуші де белгілемейді. Бұл арнайы бағдарламаның көмегімен қойылады. Коэфицентіне байланысты тариф белгіленген. Қазір баға өзгерген жоқ. Отырған кезде 600 теңгеден басталады, әрі қарай уақыт пен қашықтық саналады. Яғни, бағдарлама А мен Б нүктесіне дейінгі жолды автоматты түрде есептейді. Сонымен қатар, тиісті мекенжайға дейінгі ең қысқа жолды таңдап береді. 

Қазір қала бойынша 600 көлік такси қызметіне тіркелген. Алайда карантин режиміне байланысты соның тең жартысы ғана жолда жүр. «Тапсырыстың көптігі, әрі көлік санының шектеулі болуы жол жүру құнына әсер етті», - дейді ғаламтор арқылы тапсырыс қабылдайтын жүргізушілер. Қазір ғаламтордағы такси қызметіне де тыйым салынған. Сондықтан жүргізушілердің біразы арнайы рұқсаты бар компаниямен келісімге отырып, жұмысын жалғастырып жатыр.

Александр Бакалдин, такси жүргізушісі:

– Карантин кезінде біздің жұмыс тоқтады. Полицейлер «Яндекстің» таксилерін көрсе тоқтатып, үйге қайтарады. Кейбір машиналардың рұқсаты ++++бар. Қазір заттай тапсырыстар қабылдап, соны жеткізумен айналысамыз. Бірақ сергек базасында көлігің тіркелмеген болса кері қайтарады. Қазір компаниядан рұқсат қағазын күтіп отырмыз.

Елорданың такси қызметінде санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Сондықтан автокөлік күніне екі мәрте тұтастай дезинфекциядан өтеді. Жүргізушінің де қал-ахуалы медицина мамандарының бақылауында болады. 

Аслан Дүйсенбаев, такси жүргізушісі:

– Күніне екі мезгіл дезинфекциядан өтеміз. Одан бұрын бізге әрбір адам апарып тастағаннан кейін өзіміздің қолымызда өзіміздің дезинфекциямыз болады. Әрбір адам шыққаннан кейін толық өзімізді дезинфекция жасаймыз. Машинаның терезелері мен есіктерін ашып, желдетеміз машинаны.

Осы аптада көлігі бар көптеген кәсіпорындар жұмысын бастады. Сондықтан такси құны да төмендеуі тиіс. Өйткені, жеке көлігі бар азаматтар әкімдіктің рұқсатымен адам тасымалымен айналыса алады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Асхат Қарақойшы

Хабар 24 телеарнасы