425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарында су тапшылығы сезіледі

  • 426
  • UPD: 11:15, 23.04.2020

Батыс Қазақстан облысында биыл қыста қар аз жауды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан  өзен-көлдерге  су түспей қалды. Көл-табандар мен жайылмаларға су шықпағандықтан, мал азығын қамдау да қиынға соғар түрі бар. Оның үстіне Ресейден су сатып алуға деп қаралған қаржы аздық етіп отыр.

Жалпақтал ауылы Қараөзеннің жағасында орналасқан. Көктемде су басу қаупі мол елді мекендердің бірі. Алайда жазғытұрым арнасына сыймай арқырап жататын асау өзен биыл моп-момақан. Қыста қар жаумағасын, дария деңгейі бір елі де көтерілмепті. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Сәрсенғали Бисенғалиев мұндай жағдай бірінші рет болып тұрғанын айтады.

Сәрсенғали Бисенғалиев, Жалпақтал ауылының тұрғыны:

– Мұндай кезде сарқырып, гүрілдеп өзен деңгейі толып, судан қорғанып жататын едік. Қазір қорғанбақ түгілі ішетін судың өзі жоққа жақын. Мысалы, осыдан 10 шақырымдай жерде су тұщытып беретін стансамыз бар. Біздің сол стансаның деңгейі түсіп кеткендіктен  қазір қауіпті жағдайда тұр. Бұдан деңгейі 30-40 см түссе, су ала алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан  барынша мүмкіндігін қарап, алдын жауып өйтіп-бүйтіп көреміз.

Қуаңшылық былтыр да болды. Тағы қайталанса, шаруаларға қиын тиер түрі бар. Бір ғана Казталов ауданында 68 мың гектар көлтабан бар екен. Қожалықтар бұрын шөпті содан шабатын. Бірақ биыл көлмекке су түспек түгілі, мал суару мұң болып тұр.

Рүстем Зұлқашев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:

– Судан қиыншылық көреміз деген болжам бар. Мысалы, ауылдарымызда 48 елді мекен бар. Соның 32-сі өзендер арқылы қамтылады сумен. 16 елді мекен,  сол төңірегінде орналасқан шаруа қожалықтарын сумен қалай қамтамасыз жасаймыз деген сұрақтарға ойланып жатырмыз. Көбіктерімізді тереңдетіп  жатырмыз. Құдық қазу жұмыстарын қолға алып жатырмыз.

Батыс Қазақстан облысы су ресурсының 80% Ресейден алады. Басты артерия Ақжайық болса, одан соң Қараөзен мен Сарыөзен. Көктемгі тасқын өткен соң, соңғы екеуімен келер су сатып алынады. Дәлірегі, ақша Еділдің суын өрге айдайтын көрші елдегі су сорғы стансаларының шығынын өтеуге төленеді. Одан бөлек Жәнібек ауданына Волгоград облысынан каналмен келер суға да ақша аударылады. Алайда биыл осы мақсатқа ел қазынасынан қаралған қаржы жеткіліксіз. Оңтүстік аудандар үшін жалпы мөлшері 107 млн текше метр су керек болса, бөлінген 2 млрд теңге тек 71 млнға жететін көрінеді.

Шынболат Ермағамбето,  «Қазсушар» РМК БҚОФ бас гидротехнигі:

– Осы наурыз айының аяғында облыс әкімдігі қаржы министрлігіне хат жазды жаңағы 36 млн жетпейтін текше метр суға. Шамамен дәлірек айтсақ, 998 млн теңге. Жәнібекті қосқанда Казталов ауданы, Жаңақала ауданы, Бөкей Ордасы ауданы мал басын өсіруге, соның экономикасын дамытуға екі өзеннің зор үлесі бар еді. Сол үшін керек қосымша қаражат.

Су – тіршілік нәрі. Қажетті қаржы толық бөлінсе, қос өзеннің бойын  жайлаған елдің ауыз суымен қатар мал азығын дайындау мәселесі де оң шешілмек.

Авторлары: Ерденбек  Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы