425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тараздық полицейлер ерекше флешмоб өткізді

  • 479
  • UPD: 16:00, 23.04.2020

Жамбылдық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшылары карантин кезінде жеткіншектерге азық-түлік, жеміс пен көкөніс жеткізіп, қайырымдылық шарасын өткізді. Кездесу ұйымдастырып, күрделі кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін көріп қайтты. Сондай-ақ флешмоб өткізіп, тұрғындарды тәртіпке шақырды.

Төтенше жағдай кезінде қолдау көрсетуге келген полицейлерді орталық тәрбиеленушілері ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл кездесу 10 жылдан бері дәстүрге айналған. Алайда карантинге байланысты шараға осы жолы облыстық полиция департаментінің басшылығы ғана қатысты. Әріптестерінің атынан сөз сөйлеп, сәлем-сауқат жеткізді.

Жанат Сүлейменов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

– Қиын жағдайда олармен кездесу бізге жақсы қуаныш. Жаңа жас балалар «Біз біргеміз», «Біз жеңеміз» жеңеміз деп айтып жатыр. Біз оларды қолдаймыз.

Сондай-ақ, полиция департаментінің ұйымдастыруымен ерекше флешмоб өткізілді. Олар 80-нен астам қызметтік көлікті бір жерге жинап, «үйде бол» деп жазып көрсетті. Осы арқылы жұртшылықты карантин кезінде тәртіп сақтап, үйден шықпауға шақырды.

Рахымберді Әшкеев, облыстық жергілікті полиция басқармасының бастығы:

– Тұрғындарды төтенше жағдай кезіндегі талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл сіздердің денсаулығыңыз бен амандығыңыз үшін жасалып жатқан шара.

Айта кету керек, полиция департаменті қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде 38 блок-бекет қойылып, күндіз-түні бақылауда. Төтенше жағдай кезінде аймақта 700-ден астам құқықбұзу дерегі анықталып, заңға бағынбағандар жауапкершілікке тартылды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә Тараз

 

Хабар 24 телеарнасы