433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин кезінде күйзелісті қалай жеңуге болады – маман кеңесі

  • 893
  • UPD: 18:17, 23.04.2020

Ұзақ мерзімге созылған карантин адамдарда күйзеліс туғызуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Психологтардың айтуынша, төрт қабырғаға қамалған жандардың жүйке жүйесі сыр беруге бейім. Десе де, мұндай жағдайды болдырмаудың бірнеше жолы бар. Ол үшін қандай амал қолдану керек?

Елордада карантиннің қатаң тәртібі орнағалы бір айдан асты. Осы уақытта шаһар тұрғындары нені үйреніп, қандай ой түйгені жайлы сұраған едік.

БЛИЦ:

– Фетучини пісіріп үйрендік. Басқа да тәттілер жасадық. Оның алдында пісіруге уақытымыз болмайтын. Қазір баланы әкесі қарайды.

– Балаларға уақытымызды көбірек бөлетін болдық. Үйдің тұрып қалған шаруаларын бітірдік.

– Мен даланы сағынып қалыппын. Баламен далада серуендегім келеді. Үлкен ұлым бар, екіншісіне аяғым ауыр. Қазір күн жылынды, таза ауада қыдырғанға не жетсін. Осыны бағалай бастадық.

Көктемгі күн шуағы қаншалықты еліктірсе де, журналист әрі блогер Айнұр Қуатқызы карантиннің тәртібін қатаң сақтанып отыр. Отағасы, екі бүлдіршіні, енесімен бірге үй-ішіндегі уақытын мәнді өткізуге тырысады. Әрине, үшінші балаға айы-күні жеткен келіншек бөбектерін далаға шығара алмай, қиналғанын жасырмады.

Айнұр Қуатқызы, журналист-блогер:

– Балабақшаға барып жүрген балаларым үйде отырып қалды. Баланың энергиясы көп, біраз қиналдым. Бірақ не істейміз енді? Мұғалім болдым оларға, күніне бағдарлама құрып қойдым. Өзімді инстаграм парақшамда блогер дамыта бастадым. Қазір 23 мыңға жуық оқырманым бар, сол оқырмандарымен хабарласамын. Шынымды айтсам, карантин маған керемет шабыт сыйлады.

Осылайша, кейіпкеріміз үйдегілердің әрқайсысына бағдарлама құрып, күн тәртібін белгілеп қойды. Психологтардың пікірінше, бұл карантиндегі уақытты тиімді өткізудің бірден бір жолы.

Ержан Мырзабаев, психолог:

– Сонымен қатар бұл кестенің ең үлкен пайдасы бар, яғни адамның жүйкесін тоздыратын ең үлкен факторлардың бірі – белгісіздік. Қашан, не болатынын білмеу. Қашан, не істейтінін білмеу. Соны білмегендіктен, уайымға салынады. Ал жүйе болған кезде, жоспар болған кезде бәрі белгілі болады. Барлық отбасы мүшесі сол жүйемен әрекет еткен кезде, тәртіп болады. 

Сондай-ақ үй ішіндегі үйлесімді орнату үшін кез келген жанжалдың алдын алу керек дейді психолог. Әсіресе, отбасылық мәселелерді шешуге уақытша мораторий жариялаған жөн.

Ержан Мырзабаев, психолог:

– Карантин уақытында ренжіспеу керек, жеке басқа артық сөз айтудың қажеті жоқ. Қатты қиналып бара жатсаңыздар, қағазға жазып қойыңыздар. Карантин біткеннен кейін сөйлесесіздер. Егер жанымыздағы жақын жандардың көңіл-күйін түсіретін болсақ, айналамызда жамандықтың көздерін көбейтетін боламыз.

Маманнан тағы бір кеңес: ұйқыға ертерек жатқан абзал. Өйткені жүйке жүйесін қалпына келтіруші мелатонин гармоны тек түнгі сағат 2-ге дейін өндіріледі. Қалыпты жұмыс режиміне қиналмай көшу үшін де бұл аса маңызды. Өйткені, карантиннен кейін өмір өз ағысына түсіп, тіршілік жалғасын табады.

Авторлары: Айбын Құсанбеков, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы