429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Наурыз айында 17 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алған

  • 395
  • UPD: 17:53, 23.04.2020
Наурыз айында 17 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алған

Наурызда 17 мың 425 медициналық қызметкер 3 миллиард теңгеден астам қосымша төлемақы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың басым бөлігі – үшінші санаттағы қызметкерлер. Бұл туралы онлайн брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өкілдері хабарлады. Қосымша төлем алғандардың көбі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында. Себебі коронавирус жұқтырғандар саны бойынша қазір бұл мегаполистер алдыңғы қатарда тұр.

Еске салсақ, эпидемиямен күресте медициналық қызметкерлерді қолдау үшін оларға қаржылай сыйақы беру туралы шешім қабылданған. Бұйырыққа сай медицина қызметкерлері 3 санатқа бөлінді. Бірінші топқа коронавирус диагнозы расталған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер жатады. Оларға 800 мың теңге үстемеақы төленеді. Екінші санатқа дене қызуы, жөтел сынды жұқпалы ауру белгілері бар науқастармен жұмыс істейтін қызметкерлер кірді. Оларға 425 мың теңге төленеді. Үшінші топқа карантиндік стационарлар дәрігерлері, коронавирус инфекциясын анықтайтын зертханалардың қызметкерлері, өткізу бекеттеріндегі карантин тәртібін қамтамасыз ететін медициналық қызметкерлер жатады. Оларға 212 мың 500 теңгеден беріледі.

Айбатыр Жұмағұлов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Үстемеақы жұмыс уақытына қарай беріледі. Бұл жерде медициналық қызметкерлердің бірқалыпты істемейтінін ескерген жөн. Сондықтан қосымша төлемдер 2020 жылдың 1 наурызынан бастап жиналған жұмыс уақытына қарай есептеледі. Өңірлік комиссия шешімімен медициналық қызметкерлерге үстемеақы тағайындалады. Олардың тізімі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» жіберіледі. Өз кезегінде қор үстемақының дұрыс тағайындалғанын тексереді.

Хабар 24 телеарнасы