426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде 20 млн қарағай өскіні отырғызылады

  • 269
  • UPD: 20:57, 23.04.2020

Семейлік орманшылар айдың соңына дейін 20 миллион түп қарағай егіп үлгеруі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл орманды алқап тағы 6 мың гектарға ұлғаяды деген сөз. Жоспар ауқымды, дегенмен күш аз. Карантин болған соң волонтер студенттер де, маусымдық жұмысқа тартылушылар да жоқтың қасы. Алайда мемлекеттік табиғи орман резерватының мамандары қолға алған шаруаны өз күштерімен іске асырамыз деп іске белсене кіріскен.

Өткен ғасырдың 90-жылдары әлемде Канада мен бізде ғана өсетін қарағайлы орманның үштен бірі өртеніп кеткен болатын. 200 мың гектарға жуық алқапты қайта қалпына келтіріп, табиғат байлығын сақтап қалу үшін 2003 жылы Үкімет қаулысымен «Семей орманы» мемлекеттік резерваты құрылды. Содан бері жанкешті еңбектің арқасында 44 мың гектарға қарағай отырғызылған. Биыл да резерват мамандары өз тұқымбақ кешенінде өсірілген 20 миллион өскінді жаппай егумен айналысып жатыр.

Қайрат Хасенов, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының жетекшісі:

– Биыл өте қиын жағдай болып тұр. Жер жүзінде болып жатыр ол короновирус деген. Бірақ агротехникалық мерзімге байланысты біздің уақытымыз бар. Өз ұжымымызда жұмыскерлерді маскалармен қамтамасыз етіп, тазалық сұйықтықтарымен қол жудырып, медициналық қызметкерлер тепловизормен температурасын тексеріп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы айдың аяғына дейін бітіруіміз керек.

Былтыр осындай жауапты жұмыстарға маусымдық жұмысшыларды қосқанда мыңнан астам адам еңбек ететін. Төтенше жағдайға байланысты енді ол сан екі есе қысқарып отыр. Ерікті студенттер мен ауыл тұрғындары шектеу шараларына байланысты көмек көрсете алмайды.

Ағаш отырғызу сауапты іс емес пе? Ендеше биыл өңірдегі шектеу шараларына байланысты орманшыларға көмек ауадай қажет болып тұрған кезде біз әріптесім Әсем екеуміз сақтық шараларын сақтай отырып, «Хабар 24» арнасының атынан аллея жасауды жөн деп санадық.

Биыл көктем былтырғыдан ерте шығып, күн ысып кетті. Тілсіз жауды да аңдымаса болмайды. Морозов филиалына бекітілген міндет – 1200 гектар жерге қарағай өскінін отырғызу. Қазір жұмыстардың жартысынан көбі тындырылған. Көршілес аудандардан да әріптестер келіп еңбек майданын қыздыра түскен.

Ғани Алпысшалов, резерват филиалының директоры:

– Қазіргі өрт қауіпсіздігіне байланысты бізде өрт сөндіру мұнараларының бәрінде адамдар отыр. Оның бәрі күнделікті сағат, минут сайын мәлімет беріп отырады, бәрі бақылауда. Әзірге тыныштық, осыған дейін 2 дала өрті болған, оны өшірдік.

Екі жылдық өскіндердің бәйтеректей алып болып өсіп, орманға айналуы үшін әлі 50-60 жыл керек екен. Бұл дерек әншейінде елеусіз қалатын орманшы еңбегінің жан-жақты құрметке лайық екенін анық аңғартады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы