428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда дәрігерлер мен полицейлер арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ

  • 313
  • UPD: 09:22, 24.04.2020

Коронавирус қарапайым тұрғындардың өміріне өзгерістер енгізді.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен полиция қызметкерлері қазір отбасынан оқшау өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – ерлі-зайыпты Бойколар. Ері – подполковник, әйелі – медбике. Олар қазір екі бөлек блок-бекетте қызмет етеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Татьяна Бойко қызының жағдайын осылай телефон арқылы біліп отырады. Қала карантинге жабылғанда оның жолдасы блок-бекетке қызметке кеткен. Үйлерін жауып, қызын әжесіне жіберуге тура келіпті.

Татьяна Бойко, медбике:

- Адамдарға көмек көрсету үшін медицинаны таңдадым. Бірақ дәл осындай жағдай боларын ешкім күткен жоқ. Отбасынан алшақ өмір сүру оңай емес. Қазір қызым әжесінің қолында тұрып жатыр. Ұлым Ресейде оқуда. Олардың жағдайын телефонмен біліп отырамын.

Отағасы, полиция подполковнигі Дмитрий Бойко қызметті адал атқаруға серт берген. Балалары мен зайыбын сағынғаны болмаса, өмірге шағым айту офицерлік шеніне сын.

Дмитрий Бойко, облыстық полиция департаментінің аға  инспекторы:

- Әрине, отбасымды сағындым. Қалай сағынбайсың? Балаларға да ата-анасыз өмір сүру қиын болып тұр. Біз бұл эпидемияны жеңеміз. Оған сенімім зор.

Блок-бекеттерде жұмыс істеп жатқан барлық қызметкердің індет жұқтыру тәуекелі жоғары. Сол себепті олар қонақ үйлерге орналастырылды. Үйдегідей болмаса да, жұмыстан келгенде тынығып, дұрыс тамақтануға жағдай жасалған.

Күн сайын 500 полиция қызметкері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шығады. Олардың 145-і қонақүйде жатыр. Жуырда тәртіп сақшылары коронавирусқа тексеріле бастады.

Жандос Орынбаев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары:

- Бүгінде 424 полиция қызметкеріне талдау жасалды. Олар блок-бекеттер мен мобильді бекеттерде жұмыс істейтін қызметкерлер. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бізге күніне 50 экспрессест бөліп отыр.

Павлодардың карантинге жабылғанына он бір күн. Сегіз үйдің кіреберісі, бір жатақхана және алты медициналық мекеме карантинге жабылған. COVID-19-дан көз жұмған адаммен байланыста болған үш тәртіп сақшысы оқшауландырылды. Әзірге дәрігерлер мен полиция қызметкерлері арасында ауру жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий 

Хабар 24 телеарнасы