418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы тараздық ҰОС ардагерін 95 жылдығымен құттықтады

  • 228
  • UPD: 12:16, 24.04.2020
Мемлекет басшысы тараздық ҰОС ардагерін 95 жылдығымен құттықтады Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы Тілеуқабыл Төребековті 95 жылдығымен құттықтады, сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24» облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында Тілеуқабыл Төребекұлы Төребеков туралы білмейтін адам кемде-кем.

Кеңес Әскерінің қатарында милитаристік Жапониямен соғысқан ержүрек майдангер Т. Төребеков соғыс аяқталған соң барлық күш-жігерін Жамбыл облысының дамуына арнады. 1950-1966 жылдар аралығында ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1970 жылдан 1983 жылға дейін Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Тілеукабыл Төребекұлы құрметті демалысқа шыққанда да қоғамдық жұмыстан тыс қалған жоқ. 1995 жылдан 2015 жылға дейін облыстық Ардагерлер кеңесін басқарды.

Ол ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 13 медальмен, оның ішінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Алты бала тәрбиелеп өсірген.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында Т.Төребеков сияқты тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып табылатынын атап өткен.

Қариямен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев еңбек сіңген ардагердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық қабілетін және біліктілік қасиеттерін тілге тиек етті.

Тілеуқабыл Төребекұлы әлі күнге бақуатты. Ақсақалдың тұлғасында даналық пен абыздық әдемі жарасым тапқандай. Өңір басшысы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, ардагерге бір миллион теңгегелік сертификат табыс етті.

Хабар 24 телеарнасы