429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда салымшылар үй құрылысының кешігуі себебінен ақшасын қайтарып алғысы келеді

  • 798
  • UPD: 20:30, 24.04.2020

Ақтауда көпқабатты үйлердің құрылысы созбалаңға салынған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жаңа үйден пәтер аламыз деп үміттенген салымшылар екі жыл сарғая күтіп, енді ақшасын қайтарып алмақ ниетте.

Ал мердігер мекеме ашулы көптің көзіне түспеуге тырысып келген. Іске біздің тілшілер араласқан соң мән-жайды түсіндірді. Мекеме өкілі биыл 200-ге жуық пәтер берілетінін айтып, салымшыларды келісімге шақырып отыр.

Роберт Бисенғалиев, он алтыншы шағын ауданда салынып жатқан жаңа үйлерден пәтер алу үшін мердігер шотына қаржы құйған салымшының бірі. Бастапқы жарнаға деп 8 млн теңгесін беріпті. Сосын бір жыл көлемінде ай сайын 75 мың 400 теңгеден төлеп тұрған.

Роберт Бисенғалиев, қала тұрғыны:

– Үстіне тағы 1 млн 700 мыңдай ақшасын төлеуіміз керек еді. Содан 2019-да бітіріп, үйге кіресіңдер деген. Енді үйіміз біткен де жоқ, ешқандай қозғалыс болған да жоқ. Анау астындағы нөлінші этажын көтеріп бастады. Әуелден бізге айтқаны, тас үй болады деді. Одан кейін монолит болады деді. Сосын тұрып қалды. Біз сөйлескенімізде шығамын деген адамдар шыға беріңдер деді. Біз шығамыз деп келісімшартқа отырдық.

Келісімшартқа сәйкес, мердігер қала тұрғыны құйған қаржыны былтыр желтоқсанда толық көлемде қайтаруды мойнына алған. Әзірге жартысын беріпті. Қалғаны қашан боларын сұрап хабарласқан салымшыға жауап бермеген. Үй құрылысына ақша салғандардың дені Маңғыстау мен Қарақия ауданында тұрады екен. Олар карантин уақытында Ақтауға жете алмай жүр. 

Мердігер осы шағын ауданда бірнеше тұрғын үй кешенін тұрғызып жатыр. Мекеменің байланыс номерін тауып, телефон шалдық. Бізбен кездесуге салымшылар дау көтерген учаскенің бастығы келді. Бірден құрылыс алаңына өтуге шақырып, үшінші қабаты көтеріліп тұрған және қаңқасын салынып басталған қос үйді көрсетті.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Тұрғын үй құрылысы алаңында бас-аяғы 6 нысанды салу жоспарланған. Оның екеуі жеті, қалғаны алты қабаттан тұрады. Мердігер мекеме биыл қараша-желтоқсан айына дейін 168 пәтерлік екі үйді қолданысқа қосуға уәде беріп отыр.

Төрехан Әбдиев, құрылыс учаскесінің бастығы:

– Бізде бұл құрылыс 2018-дің тамыз айлары басталды. Бірінші осы екі блок тапсырылады. Қалған блоктар келесі жылы мамырда, сосын желтоқсанда аяқталады. Бірінші себеп, аздап графиктен кешігуіміз. Оны тұрғындарға бердік. Осы проектілер бойынша біраз өзгерістер болды. Сол бойынша 2019-да біраз іркіліс болды. Енді негізгі жұмыс 2020-да жүріп жатыр.

Баспаналарды басында ұлутастан салу көзделіпті. Кейін тұтас бетоннан құйылатын монолиттік жоба болады деп шешілген. Құрылысы баяу жүрген бұл жобамен қала әкімдігі хабардар. «Компания өз меншігіндегі жер теліміне инвестиция құйып үй салуына кедергі жоқ. Бұл жерде заң талаптары сақталмауына орай біз мәселеге араласа алмаймыз», – дейді мамандар. 

Бекнұр Бәлиұлы, қалалық «сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы:

– Бұл жерде үлестік қатысу туралы заңға сәйкес рұқсат алу бөлек. Ал құрылыс жұмыстарына алатын рұқсат ол бөлек. Құрылыс жұмыстарына тиісті рұқсаттары бар болуы керек. Оған тиісті органдар жауап берер. Бірақ үлестік қатысуға, яғни тұрғындардың ақшасын тартуға ол мердігердің қазіргі таңда құқығы жоқ. Бұл жерде келісімшарттарын көріп отырмыз. Мердігер мен салымшылардың арасындағы. Бұл жерде тек азаматтық Кодекске сәйкес уақытында бітірмегені үшін сот органдары арқылы талап-арыздарын бере алады.

Мердігер мекеме енді салымшыларды келісім үстеліне шақырады. Жыл соңына дейін шыдаса, уақытында салып бітіреміз дейді. Ал азаматтар құйған қаржыны жаппай қайтару басталса құрылыстың тағы тоқтап қалмасына кім кепіл.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы