418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасының журналистері болашақ әріптестерін оқытып жатыр

  • 215
  • UPD: 21:48, 24.04.2020

Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері «Хабар» арнасының тілшілерінен онлайн дәріс алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл тұрғыда университет пен агенттік арасында арнайы келісім жасалған.

Көгілдір экранның алдындағы ағайынға жаңалықты жедел әрі, сапалы жеткізу маңызды. Нағыз кәсіби маман тұшымдысын саралап, көрерменге не айтатынын біледі. Бұл жолы телеарнаның жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы Оңалтай Қуандық онлайн дәріс оқыды. Арнада біраздан бері еңбек ететін тілші өз тәжірибесімен бөлісті. Оның ішінде, жаңалықты сапалы дайындау, тақырып таңдап, оператормен үйлесімді жұмыс істеу жолдарын айтып берді.

Оңалтай Қуандық, шығарушы редактор:

– Негізі, ЕҰУ мен «Хабар» арасында тығыз байланыс орнаған. ЕҰУ-нің студенттері жыл сайын біздің арнаға келіп, тәжірибеден өтеді. Бірақ ол кезде барлық студентке мүмкіндік берілмейді ғой. Бұл шараның маңызы сол, бір мезетте 100 шақты адам қосылуы мүмкін. Яғни, олар тікелей отырып, мамандардың айтқанын тыңдайды.  

Ал арнадағы бірқатар танымал жобаның продюсері Әсел Тұрсынғазина тікелей эфирде өтетін телемарафон туралы айтты. Оның ішінде, аяқ асты болған төтенше жағдай кезінде жедел ұйымдастырылатын жоба мен алдын ала жоспарланған марафонның айырмашылығын түсіндірді. Сондай-ақ, телеарнадағы продюсер қызметінің қыр-сырын баяндады. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде жауапкершіліктің артатынын айтады.

Әсел Тұрсынғазина, продюсер:

– Елді алаңдатып тұрған мәселеде біз сияқты үлкен республикалық арналардың осындай үлкен мәселеге, проблемаға сағаттап тікелей марафон арнауы, ақпаратты жан-жақты беруі, барлық куәгердің ойын беруі өте маңызды нәрсе.

Телеарнаның тәжірибелі журналисі Айгүл Әділова журналистикадағы ең күрделі жанрлардың бірі, арнайы репортаж дайындау жолдарын түсіндірді. Әсіресе, мәселені жан-жақты зерттеу мен мәтінді сапалы жазу турасындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Онлайн сабаққа қатысқан студенттер тілшілерге сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қанат Әбілдин

 

Хабар 24 телеарнасы