420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда медициналық бетперде тігетін жаңа цех ашылды

  • 404
  • UPD: 23:35, 25.04.2020

Онда тәулігіне 30 мың данасы шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болашақта өндірістік қуатты бір миллионға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті өнім жақында облыс орталығы мен қала іргесіндегі елді мекендерде орналасқан дәріханаларға да жеткізіле бастайды.

Цех жаңадан ашылғанымен, қазірдің өзінде жарты жылға жететін тапсырыс түскен. Мұнда күніне 30 мың дана бетперде тігіледі. Болашақта бұл көлем еселеп артады.

Жарылқасын Болатұлы, кәсіпкер:

- Қазірдің өзінде осы цехта екі айдай жұмыс істеп, 2 миллиондай маска тігіп жатырмыз. Кеше, бүгін менімен басқа компаниялар сөйлесіп жатыр. Талдықорғанның аптекалары шықты. Аптекалармен қазір келісім болып жатыр. Талдықорғандағы ұйымдар осы ауданды бірінше жеткізу қызметімен қамтамасыз етеміз. Содан кейін басқа облыстарға жеткізу жасай бастаймыз.

Бастапқыда бұл цех арнайы киім үлгілерін тігумен айналысу мақсатында құрылған еді. Бетперде жетіспеушілігіне байланысты жеке қорғаныш заттарын шығаруға көшті. Қазір мұнда 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа жабдықтар алынған соң тағы 30 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Текелі қаласынан да филиал ашуды жоспарлап отыр. Онда 40 шақты тігінші жұмысқа алынады.

Вера Гатько, цех меңгерушісі:

- Қазіргі жағдай көптеген кәсіпорынның жұмысына тежеу болып отырғанын білесіздер. Ал біз жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Тіпті іс тіге алмайтын адамдарды да қабылдадық. Оларды өзіміз үйретіп аламыз.

Айнагүл Басабиқызы, тігінші:

- Колледжде тігінші мастері болып істеймін. Коронавирусқа қарсы бәрі жабылды. Жұмыссыз отырғаннан кейін келіп, жұмыс жасап, маска тігіп жатырмын. Жағдай жақсы, барлық жағдай жасалған. Түскі ас, тамағымыз бәрі тегін.

Цех басшылығы қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен де айналыспақ. Олар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға медициналық бетперде үлестірумен қатар азық-түлікпен де қамтамасыз ететін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы