425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордай ауданы бойынша 300 шақырым жол жөнделеді

  • 349
  • UPD: 20:14, 26.04.2020

Жамбыл облысында биыл 700-ге жуық инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 70 миллиардтан астам қаржы қарастырылып отыр.

Әсіресе, әлеуметтік-мәдени, тұрғын-үй, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және елді мекендерді абаттандыруға ерекше басымдық берілмек. Қазір Қордай ауданында бұл жұмыстар басталып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Аймақта биылға жоспарланған жобалардың 171-і Қордай ауданында жүзеге асырылады. Оған 12 миллиард теңге бағытталып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай көлемде қаражат ауданға бұрын соңды бөлінбеген. Қазір 980 орынға арналған үш мектептің құрылысы басталып, ауызсу және газ желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал Қаракемер ауылында 20 пәтерлі үй салынуда. Бұл баспана бірінші кезекте жас мамандарға берілмек. Ауыл ішіндегі жолдар да жөнделіп жатыр.

Аралбек Жұмағұлов, мердігер компанияның директоры:

– Берілген мерзімде істейміз. Сегіз көше алғанбыз. Бесеуін болдық. Үшеуін бітіруге жақынбыз. Осы айдың аяғына дейін бітіреміз деген ойдамыз.

Бақыт Сахатов, Қордай ауылдық округінің әкімі:

– Жалпы 21 көше жөнделеді. Қазір жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін округтегі барлық жолды жөндеп бітіреміз деп отырмыз.

Жалпы Қордай ауданы бойынша 300 шақырым жол жөнделеді. Кенен ауылына ауыз су тартылып, 5 білім ошағына көгілдір отын тартылады. Сарыбұлақ елді мекеніндегі ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген бірнеше мектепті жөнге келтіру жоспарда. Ауданда жалпы саны 387 нысан салынып, жөндеуден өткізіледі. Қазір 46 жобаның мердігері анықталып, құрылыс қарқын алды. Жалпы Жамбыл облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 690 жоба іске асырылады. 20 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– 1200-і осы жобалар аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс орны болып қалады. Бұл жұмыс орындарына кімді тартамыз? Бірінші кезекте Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз тұрған азаматтар, жастарды тартамыз. Оларға дағдарыс кезіндегі көмек деп айтуға болады.

Құрылыс кезінде 80 процент облыста шығарылатын өнімдер пайдаланылады. Бұл төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау болмақ. Құрылыс-жөндеу жұмыстарына жергілікті мердігерлер тартылмақ.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы