417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі 20 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

  • 240
  • UPD: 20:24, 26.04.2020

Карантин режимін пайдаланып, ақтөбелік билік қала көшелерін жөндеп алуға кіріскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір төтенше жағдайға байланысты шаһарда көлік нөпірі айтарлықтай азайған.

Сондықтан құрылыс жұмыстарына орай кептеліс болып, тұрғындардың жүйкесін жұқартпайды. Қажетті материалдарды тасымалдайтын жүк көліктері де көздеген жеріне кедергісіз, тез жететін болады. Биыл облыс орталығында жүзге жуық көшені жөндеу жоспарланған.

Шаһардың Мәскеу ауданындағы Мұхтар Арын көшесі былтырдан бері автожүргізушілерді әбден титықтап болды. Жиырма жылға жуық жаңартылмаған жол әбден тозығы жеткен еді. 4 жолаққа дейін кеңейту үшін көшенің екі бетіндегі ағаштарды тамырымен жұлу жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Сондықтан жергілікті тұрғындардың көпшілігі бұл жерден айналып өтуге тырысатын.

Бұл құрылыс та – бірнеше жылға созылған ұзақ мерзімді жоба. Шамамен екі жыл бұрын көше басындағы өткелдің іргетасы қаланса, былтыр жер астындағы коммуналдық желілер кейін шегіндірілді. Биыл мердігер мекеме тек жолдың негізін салып, асфальт жабындысын төсеуі ғана қалды.

Жобаның құны – 600 миллион теңге. Құрылысшылар ені 14 метр болатын бір шақырымнан астам жолды жаңартуы тиіс. Мердігер мекеме уақытынан бұрын бітіруге уәде берді.

Нұрлан Динаев, мердігер мекеменің бас инженері:

– Қазіргі таңда бұл жерде 30 ауыр көлік жүріп жатыр. Сосын 20 адам жұмылдырылды. Жұмысқа техника, адам жеткілікті. Уақытымыз қыркүйек айында. Оған дейін ертерек бітіруге тырысамыз.

Құрылыс сапасы да тапсырыс беруші жергілікті билікті айтпағанда, қоғамдық ұйымдар мен жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жіті назарында болады. Биылдан бастап арнайы мамандандырылған зертхана жаңадан салынған жолдардан сынама алып, бағасын беретін болды. Мемлекеттік стандартқа сай болмаса мердігер өз есебінен қайтадан жөндеуі тиіс.

Руслан Төреғали, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Былтыр екі мердігер мекемені сотқа беріп, оны ұтқан болатынбыз. Және де ағымдағы жылы тағы да үш мердігер мекемеге хаттама берілген болатын, ақауларды жөндеу бойынша. Егер де атқарылмаған жағдайда ол мердігер мекемелерді сотқа беру жоспарланып отыр.

Жалпы биыл облыс орталығында 170 шақырым жол жаңартылуы тиіс. 20 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 40 көшені ағымдағы жөндеумен қамту жоспарланған. Бұл мақсатта бюджеттен 14 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы