423,09 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулық шаруалар медицина мекемелеріне тегін өнім таратты

  • 306
  • UPD: 22:00, 26.04.2020

Атыраудағы ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері республикалық «Біз біргеміз!» акциясына қолдау көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар фермерлер одағының ұйымдастыруымен карантиндік жүйеде жұмыс істеп жатқан 9 медициналық мекемеге өз өнімдерін тегін ұсынды. Бұдан бөлек, Қызылқоға, Жылыой және Құрманғазы аудандарынан 1 тонна көкөніс пен 500 келіге тарта ет және сүт өнімдері жеткізілді.

Шаруалар жіберген сәлемдемені облыстық онкологиялық диспансер қуана қабылдады. Ет, қаймақ пен шұбат және көкөніс – жергілікті шаруалардың өз өнімдері. Диспансерде негізінен аса ауыр науқастардың емделетіні белгілі. Олар үшін дәрумендерге бай табиғи таза өнім, ал бастысы шаруалардың өздеріне деген ыстық ықыласы дертке шипа болғандай.

Эльмира Сапарова, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Онкологиямен ауыратын науқастар қауіпті ауруды жұқтыруға бейім. Ол кісілердің иммунитеттері өте төмен. Қазір келіп жатқан көкөністер, ет, шұбат оның барлығы өзіміздің ауыл шаруашылығында өсірілген табиғи таза өнім.

Коронавирус індеті басталғалы бері облыстағы барлық емдеу орындары күшейтілген жүйеге көшірілді. Жүздеген дәрігер мен медицина қызметкері күні-түні қызметтерінде. Осыған орай 2500 шаруаның басын біріктіретін фермерлер одағы өзара келісіп, денсаулық күзетінде жүргендерге қолдау көрсетуді ұйғарыпты.

Нұртас Байжанов, «Қазақстан фермерлер одағы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

– Қауіпті індетпен күні-түні күресіп жүрген дәрігерлерге біз бас иеміз. Бұл игі бастаманың алды. Бұл шара карантин біткенше жалғасады деген ойдамыз.

Бұл жолы 9 емдеу орнына 174 литр шұбат, 70 келі қаймақ пен 450 келі ет жеткізілді. «Фермерлерден-дәрігерлерге» деп аталатын шара әрі қарай да жалғасады. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы