425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдық полицей 10 жыл бойы соғысқа қатысқан әкесі туралы тың деректер жинап жүр

  • 366
  • UPD: 15:19, 27.04.2020

Оралдық полицей Бауыржан Оспанов соңғы 10 жыл бойы Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесінің жорық жолындағы тың деректерін жинап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тынымсыз ізденіс жұмыстарының барысында ол әкесінің туған ағасы туралы да мәліметтер тауыпты. Ағасы әйгілі Орлов операциясы кезінде мыңдаған жауынгермен бірге оққа ұшқан екен. Әкесінің өмір жолын зерттеу барысында жиған мол мұрағатты майдангерлер ұрпақтарымен бөлісуге дайынмын дейтін азаматпен сол өңірдегі арна тілшісі Талғат Серікқалиұлы тілдесіп қайтты. 

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың көп уақыты спорт залында өтеді. Өйткені жүктелген міндет жүгі жеңіл емес. Қоғам қауіпсіздігін қорғауға әркез даяр болу керек. Ал, жаттығуда қиналсаң, ұрыста жеңіл болатыны белгілі. Мұны жасақ командирі Бауыржан Оспанов та жиі қайталайды.

Бауыржанның әкесі Мұхамбетқали Оспанов 17 жасында майданға алыныпты. Мәскеуден басталған ұрыстағы сапары Шығыс Пруссия, кейін Кенигсберге дейін жалғасады. Отан қорғау жолындағы жетістіктеріне мына секілді марапаттары куә. Сондықтан болар, кейіпкеріміз бала кезінен соғыс тақырыбына ден қояды. Әкесі майдан туралы тіс жармаса да, оның ұрыстағы өмір жолын өз бетімен зерттеуге кіріседі. Жорық жолының сызбасын картаға түсіріп, полктің жауынгерлік туының көшірмесін жасатады.

Бауыржан Оспанов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі

- Әкем алдымен Орынбордағы запастағы 364-ші атқыштар полкіне қабылданды. Зерттеу барысында бұл полкке батыс Қазақстаннан бөлек, Ақтөбе мен Атырау облыстарынан да көптеген Қазақстан азаматтарының шақырғанына куә болдым. Оның бәрі тарих. Жауынгерлік туды жасатқан себебім, ұрпақтары әкемнің жеңісті жақындатуға қосқан үлесін біліп жүрсін деймін.

Бауыржан Оспанов сұрау сала жүріп, осы полктің құрамында 80 Қазақстан азаматының болғанын, олардың көбі із-түзсіз кеткенін анықтапты. «Болашақта оны бөлек жариялаймын, өйткені бұл мәліметтер мен секілді жақынын іздеп жүргендерге жәрдемі тиюі әбден мүмкін ғой», - дейді ол. Тынымсыз ізденіс нәтижесінде әкесінің ағасы Есенғали Жандыбаев туралы тың мәліметтерді тауыпты.

Бауыржан Оспанов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі

- Әкемнің ағасы да Теректі ауданында туған. Сол кездегі Сталин атындағы колхозда, яғни қазіргі Ақсуат ауылында тұрған. 1939 жылға дейін темір жолда еңбек етіп кейін әскерге алынады. 26 жастағы сержант 1943 жылы Орлов қаласы маңындағы ауылды азат ету кезінде қаза тапқан. Құжаттары табылды, зерттей келе, ағамыздың Болхов ауданындағы бауырластар зиратында жерленгенін анықтадым.

Болатбек Белгібеков, облыстық ПД ресми өкілі:

- Бауыржан өз ісінің маманы, білікті басшы, жан-жақты азамат. Соның арқасында болар кейінгі кезде өзінің әкесіне және осы жақтағы барлық Ұлы Отан соғысына қатысқан осы елдің азаматтарына қатысты тың ақпараттарды жинап жүр. Қазір оны біріктіріп, кейінгі жастарға, өзіміздің әріптестерге үлгі болатындай шаруамен айналысып жүр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Бауыржан қызмет барысында жасақ жауынгерлерін мергендікке баулиды. Қазір біз оның шеберлігін нақты істе байқап көрейік.

Міне, үшеуі де ондыққа дәл тигенін көрдік. Кейіпкеріміздің құралайды көзге атқан мерген екеніне көзіміз жетті.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы