433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде уақытша қызметінен босаған тұрғындар қаланы абаттандыруға атсалысып жатыр

  • 453
  • UPD: 22:02, 27.04.2020
Ақтөбеде уақытша қызметінен босаған тұрғындар қаланы абаттандыруға атсалысып жатыр

Ақтөбеде жұмыссыз және төтенше жағдайға байланысты уақытша қызметінен босаған тұрғындар қаланы абаттандыру ісіне тартыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл үшін тұрақты жалақы да төледі. Дегенмен, әзірге ниет білдірушілер аз боп тұр. Ал облыс орталығын көркейту жұмыстарына 300-ге жуық адам қажет.  

Самал Құлмағамбетова «абаттандыру ісіне жұмысшылар қажет» деген хабарламаны естігенде бірден тілек білдіріп, тиісті құжаттарын рәсімдеген. Себебі бұрын аспаз боп қызмет істеген мейрамханасы төтенше жағдайға байланысты ісін тоқтатқан соң бос отырып қалған еді. Енді тұрақты жұмыс тапқанына қуанышты. Әрі өзіне жүктелген жауапкершілік те аса ауыр емес.

Самал Құлмағамбетова, қала тұрғыны:

– Осы биржаға тұрғаныма үш жарым жылдай болып қалады. Бұрын мемлекеттік жұмысты көп істедім. Қиыншылыққа қарамай, жұмыс істеп келе жатырмын. Мен бұл жұмысқа үйрендім. Жұмысшылар, ұжым, бәрі жақсы. Маған ұнайды.

Қаланы көріктендіру жұмыстары әдетте көктем мезгілінде қыза түседі. Бұл жолғы науқанға 300-ге жуық адам тарту көзделген. Бұл есепте тұрған жұмыссыз жандардан өзге, қазіргі жағдайға байланысты тұрақты қызметінен айрылған азаматтарды ескеруден қабылданған шешім. Бірақ әзірге келгені 30-дан әрең асып жығылады. Ал қаланы абаттандырумен айналысатын 8 ұйым анықталып қойған.

Наурызбек Сәрсембин, мердігер ұйым өкілі:

– Біздерге кей уақытта мамандардың көбі, жұмыспен қамту орталығы арқылы келеді. Бұл уақытша. Мысалы, жаз мезгілінде әртүрлі жұмыс. Қысқы мезгілде қар тазарту, жазда осындай көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Агрономдар жетіспейді.

 Ал қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары бұл мәселенің таяу уақытта жойылатынына сенімді. Себебі бос жұмыс орны туралы хабарламаның жарияланғанына көп бола қойған жоқ. Әрі алынатын адамдар тұрғылықты мекенжайы бойынша атқарылатын істерге ғана тартылады. Және ай сайын 7 мың теңге жалақы төленеді.

Әсем Медетова, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

– Ақысыз еңбек демалысына шыққан азаматтар ертең жұмысымызға кедергі болмай ма деп қорқады. Ол жағдайдың барлығы түсіндіріліп жатыр. Бұл мүмкіндік қой. Бір ай жұмысын істейді. Карантин бітсе, өз жұмысын әрі қарай жалғастырып кете береді. Студенттер де қарастырылып жатыр. Олардың көбі түске дейін онлайн оқиды.

Қоғамдық жұмыстардан бөлек, бірер айда «Жасыл ел» жобасы да бастау алмақ. Оған 170-тен астам жоғарғы сынып оқушысы мен студенттерді жұмылдыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы