418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жүргенге азап, көлікке обал – қызылордалықтардың шағымы

  • 271
  • UPD: 09:39, 28.04.2020

Ең болмаса көшемізге құм мен тас төсеп берсе... Бұл Қызылорда қаласындағы Әл-Фараби ықшам ауданы тұрғындарының тілегі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылдағы әкімдіктің уәдесіне тойдық деген олар биыл асфальт төселеді деген мамандардың сөзіне де сене алар емес.

Бұл мөлтек ауданның іргесі осыдан 15 жыл бұрын қаланған екен. Соңғы жылдары жарық, су, газ мәселесі біртіндеп шешімін тапқан. Алайда жолдың жыры бітпей тұр. Жауынды күндері батпақ кешкен Әл-Фарабиліктер ең болмаса көшемізге құм мен тас төсеп берсе деп сұрайды.

Ардақ Омаров, Әл-Фараби ықшам ауданының тұрғыны:

– Балдарымызды арқалап алып шығамыз. Аяғымызға пакет киіп шығамыз. 500-дей үй, бізге асфальттың қажеті жоқ, құмын, тасын төсеп берсін. Біздің қарсылығымыз жоқ.

Бұл көшелердің атауы да жоқ. Сондықтан 8,9,10,11 деп нөмірлеп қойған. Осы 4 көшенің қазіргі уақытта біреуіне, яғни нөмірі 10-көшенің ғана жөндеу жұмыстары басталыпты. Ал тұрғындар бөліп-жармай, 4 көше бірдей жөнделсе дейді.

Қатира Байтұрғанова, Әл Фараби ықшам ауданының тұрғыны:

– Бағана ЖКХ-ның көмекшісі бізге әлі ақша түскен жоқ деді. Мамырдың 15-іне дейін бізге түседі деп уәде берді. Содан кейін саламыз дейді. Ол уәде жылда беріліп жатқан уәде. Ол уәденің орындалатынына күмәнданып отырмыз.

Ал әкімдік өкілі биылғы жоспарға 4 көше түгел кіргенін мәлімдеді. Тіпті асфальт төсеуді қарастырып қойыпты. Тұрғындарға берген уәденінің құр сөз емес екенін жауапты сала қызметкері тағы бір нықтай түсті.

Біржан Далабаев, ТКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қызылорда қаласы Әл-Фараби тұрғын ауданы 8,9,10,11 көшелердің тұрғындарының берген өтінішіне сәйкес зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда аталған тұрғын ауданда 8,10 көшелерде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қалған 2 көшеге қосымша қаржы сұратылып отыр. Биылғы жылы толық 4 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады.

Жалпы биыл Қызылорда қаласының орталығы мен шет аймақтарындағы тозығы жеткен 100-ден астам көшені жөндеуге жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Қалаға қарасты ауылдық елді мекен жолдары да жаңғыртылмақ. Мұнан бөлек, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде де ауқымды құрылыс жобалары іске асады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы