426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әуе кемелері жолаушы емес, жүк тасуға мәжбүр

  • 276
  • UPD: 11:37, 28.04.2020

Коронавирус отандық авиацияға үлкен өзгеріс әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын жолаушылар тасымалымен айналысқан компаниялар енді бірте-бірте жүк тасымалына қарай ойыса бастады. Өйткені, ұшақтардың қаңырап бос тұрғанынан пайда жоқ. Ал жаңа қызмет түрі саланың бойына қан жүгіртіп, аз да болса табыс табуға мүмкіндік береді.

Жолаушылар ұшағы елордаға келіп қонып жатыр. Бірақ оның іші адамдарға емес, медициналық құрал-жабдыққа толы. Қалыптасқан жағдайға байланысты қазір әуе кемелерінің біразы қызмет түрін өзгертіп, осылай жүк тасымалдауға мәжбүр. 

Нұржан Малаев, азаматтық авиация комитеті департаментінің директоры:

– Қазақстандық әуе компаниялары арасынан Air Astana мен SCAT-ты ерекше атап өтуге болады. Олар жолаушылар таситын ұшақтарды жүк тасымалына қолданып жүр. Яғни әуе кемесінің салоны әртүрлі құрал-жабдықпен толтырылады.

Коронавирус әуе компанияларды әбден тығырыққа тірегені анық. Өйткені, рейстердің бәрі тоқтады. Кіріс азайды, ал қарыз одан сайын көбейе түсті дегендей. Әуе кемелеріне тек шеттегі жерлестерімізді елге қайтарумен және қалалар арасындағы жүк тасымалымен айналысуға рұқсат. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болдық дейді. 

Виктория Старожилова, әуе компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі:

– Жүк тасымалының көлемі 2 есе өсті. Өткен жылдың дәл осы аралығында 210 тонна жүк тасымалдаған едік. Ал биылғы көрсеткіш 450 тоннаға жетті. Оның барлығы дерлік медициналық жабдықтар, қорғаныш киімдері, арнайы тесттер және дене қызуын өлшейтін құралдардан тұрады.

Бұл тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан жағдай. Мәселен, көрші Өзбекстан жолаушылар ұшағындағы орындықтарды алып тастап, борттағы кеңістікті кеңейткен. Осылайша қос қанатты көлік қосымша 20 тоннаға дейін жүк көтере алатын болды. Жаңадан жабдықталған ұшақтың бірі пайдалануға берілсе, екіншісі келер аптаның басында тапсырылмақ. Ал Венгрияда біз сияқты тауарды орындықтардың үстіне қойып тасымалдап жатыр.

Джозеф Варади, әуе компаниясының бас директоры:

– Менің ойымша, әуе компаниялары қоғамның сұранысын сараптап, ел игілігіне жұмыс жасауы керек. Әлеуметтік жауапкершілік деген дүние бар. Міне, осы тұрғыда халыққа қажетті тауардарды ұшақтармен жеткізуге тырысып жатырмыз. Бұрын тек жолаушылар тасымалымен айналыстық.

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде карантин режимі жеңілдетіліп жатыр. Жолаушылар тасымалына қатысты әр ел түрлі шешім қабылдады. Мәселен, бізде мамырдың бірінен бастап Нұр-Сұлтан - Алматы бағытында рейстер жанданады. Қалай болғанда да, жүк тасымалына бейімделген ұшақтар осы қызметті әрі қарай да жалғастыра береді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Андрей Деменок

Хабар 24 телеарнасы