423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда курсанттар зейнеткерді аман алып қалды

  • 343
  • UPD: 19:05, 28.04.2020

Алматыда әскери қызметшілер бір азаматты аман алып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарақшының пышағынан жарақаттанып, көшеде қансырап жатқан зейнеткерге курсанттар дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған.

Бір зауалдан аман қалған зейнеткер Мерген Шымырбаев әскерилерге алғыс айтып, батасын берді. «Көшеде кетіп бара жатып, ақша сұраған бейтаныс жан пышақ сұғады деп еш ойламадым», - дейді ол. Абырой болғанда, жақын жерде жүрген курсанттар дер кезінде көмек көрсеткен.

Дінмұхамед Алтынбек, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының 3 курс курсанты:

- Сол қолынан артериялық қан кетіп жатқанын байқадық. Осы сәтте бірден барып, қолда бар құралдармен, яғни, жгуттың орнына белбеуді қолданып, бинттің орнына өзімізде бар таза орамалмен қан тоқтату шараларын жүргіздік.

Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының курсанттары сол сәтте қала көшелерін жоспарлы дизинфекциялау шарасын жүргізіп жүрген. «Кез келген жағдайға дайын жүру – міндетіміз», - дейді олар.

Дінмұхамед Алтынбек, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының 3 курс курсанты:

- Біз бұл әрекетімізді ешқандай ерлікке баламаймыз. Тек қана бұл әр азаматтың азаматтық борышы деп есептейміз. Және де әрбір әскери қызметші қажет кезінде қасынан табылатындығын, көмек бере алатындығын тағы бір дәлелдедік.

«Жедел әрекет ету, қажет жағдайда алғашқы көмек көрсету осындай тәжірибелік сабақтардың нәтижесі», - дейді курсанттар.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Хабар 24 телеарнасы