418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бірлік күні қарсаңында 9 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыға қолдау көрсетілді

  • 297
  • UPD: 21:39, 29.04.2020

Жамбыл облысында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайырымдылық шаралар «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясында ұйымдастырылған.

Бұған әсіресе түрік, өзбек, дүнген, ұйғыр сияқты басқа да өзге этностық топтардан шыққан меценаттар ерекше белсенділік танытып отыр. Төтенше жағдай жарияланғалы түрлі ұлттың өкілдері аймақта 9 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыға қолдау көрсетті.

Өңірлік ассамблеяның белсенді мүшелері бірлік пен ынтымақ мейрамын қайырымдылық жасаудан бастады. Мәселен, Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілдері 5-ықшам аудандағы 25-үйдің аз қамтылған тұрғындарына жәрдем көрсетті. Оларға карантин кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тегін таратылды.

Қатира Бәйтерекова, Тараз қаласының тұрғыны:

– Мен бір жетім асырап отырған адаммын. Өзімнің жасым 72-де. Жетім-жесірлерге, халыққа көмегі ғой бұл. Қайыр садақа есебінде Оразада беріп жатқан көмегі. Қолдары дерт көрмесін. Дендерің сау, заман тыныш болсын! Аспан ашық болсын! Бұл да өтер. Мың да бір алғыс!

Қала шетінде тұратын көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. Қазір өңірде 87 ұлт өкілі тұрады. 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Биыл өзге ұлт өкілдері белсенділігінің арқасында облыста 9 мыңға жуық отбасыға 16 миллионнан астам теңгеге қайырымдылық жасалған.

Мухабат Тұрдиева, облыстық ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы:

– Қазақстан халқын бірлік пен ынтымақ күнімен құттықтаймын. Қандай қиын кезең болмаса да, қазақ еліміз бірлік пен ынтымақтың арқасында өмір сүріп жатыр.

Бұдан бөлек, этнос өкілдері карантин режимінде тапжылмай жұмыс істеп жатқан мамандарға ыстық тамақ жеткізіп берді. Арнайы блок-бекеттерді аралап, жауапты қызметкерлерге қолдау көрсетті. Сондай-ақ жергілікті жерде тұратын өзге ұлттың өкілдері бірлік мерекесі қарсаңында басталған қазақ әндерін орындау челленджін әрі қарай жалғады. Айта кету керек, биыл облыста 1 мамыр мейрамы онлайн режимде тойланбақ. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы