431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейліктер Бірлік күнін жаңа форматта атап өтті

  • 372
  • UPD: 20:59, 01.05.2020

Коронавирус ұлт пен ұлыс арасындағы достыққа сына қаға алмайды. Семейлік жұрт осындай пайымда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірлік мерекесін мұндағылар әдеттегідей кең құлашпен атап өтіп жатыр. Бірақ жаңаша форматта. Түрлі этностың өкілі өзінің тарихы мен салт-ғұрпын онлайн жүйеде көрсетті. Ән әуелетіп, күй күмбірлеткендері де аз емес. Тіпті қашықтан спорттық сайыстар өтіп жатыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Семейде қазақ халқымен біте қайнасып, бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері көп. Орыс, украин, неміс, татар, өзбек, корей халықтары өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеп қана қоймай, мемлекеттік тілдің де мерейін үстем етіп жүр. Жылда ұлан-асыр тойға ұласатын Бірлік мерекесі биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ерекше жағдайда өтіп отыр.

Әнуарбек Аухадиев, достық үйінің әдіскері:

- Семей қаласының Достық үйінде 23 этномәдени орталық жұмыс істейді. Шектеу шараларын енгізе отырып, олар өз қызметін тоқтатқан жоқ. Онлайн режимде этномәдени орталықтар қолөнер, ұлттық тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабақтарын өткізе береді. Этномәдени орталықтар тарихы туралы әңгімелейді, ұлттық костюмдерді көрсетеді.

Онлайн түрде көпшілікке шеберлік сабақтарын өткізгендердің бірі – «Айша бибі» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Айман Ыбырайқызы. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылдардан бері ұлттық қолөнерді дәріптеп, жастарға үйретіп жүр.

Айман Ыбырайқызы, «Айша бибі» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі:

- Қазір міне, көрсетемін, қалай жаңа тәсілде осылай біз жүннен бұйым жасаймыз. Міне, кішкене ыдыс жуатын сұйықты, кір сабын не иіс сабын соны аламыз. Міне, езіп сулап, ең алдымен алақанмен, одан кейін шиге орап, пісіріп, осылай талдырма текемет жасаймыз. Мерекеміз құтты болсын, 1 мамыр жақсылық әкелсін! Алда тағы Жеңіс күні, көп-көп мерекелер тосып тұр. Сондықтан халқымыз тату-тәтті болсын! Өмірдің әртүрлі қиын кезеңінен осы береке-бірліктің арқасында «бәріміз біргеміз» деп, аспанымыз ашық болып, бүгінгі жарқырап тұрған күндей бақытты өмір кешейік!

Түрлі мәдени шаралардың ішінде спорттық жаттығулар да елдің қызығушылығын туығызып, 500-ге жуық тұрғын қатысуға тілек білдіріпті. Сонымен қатар жергілікті телеарналардан этномәдени орталықтардың концерттерін тамашалауға да мүмкіндік жасалған. «Кез келген қиындық береке-бірлігімізді одан әрі нығайта түседі», - дейді семейліктер.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы