424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда саяжай маусымы 20 күнге кеш басталды

  • 472
  • UPD: 22:29, 01.05.2020

Қарағандыда елдегі төтенше жағдайға байланысты саяжай маусымы шамамен 20 күнге кеш басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бағбандар қазір әр күнді қалт жібермей, қауырт жұмысқа кіріскен.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Татьяна Коврова бау-бақшасында жеміс-жидек пен көкөністің сан түрін егеді. «Бірақ биыл біразын шектеуге тура келіп тұр», - дейді ол. Себебі карантинге байланысты көктемгі жұмыстарды 20 күнге кеш бастаған. Қазір әр күнді тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше үлгеруге тырысып жатыр.

Татьяна Коврова, бағбан:

Біз жүзім сабағын әдетте сәуір айының басында қазып алып, көтеріп байлайтынбыз. Содан шыбықтар мамыр айына дейін күн көзінен нәр алып, гүлдейтін. Ал, биыл тым кеш қалдық. Жүзім сабақтары әлі жерде жатыр. Дегенмен, жаз ерте шықса, жеміс алып үлгереміз деп ойлаймын.

Саяжай маусымының кеш басталғаны өз алдына, көпшілігінің бау-бақшаға жетуі мұң болған. Соның бірі – Людмила Осницкая. «Көлігі жоқ бағбандарға қала сыртына қатынау қиын», - дейді ол. Дегенмен, қазір қоғамдық көлік мәселесі шешілген, автобус екі мезгіл жүреді. Әрі бағбандарға электронды базаға тіркелу міндетті емес.

Людмила Осницкая, бағбан:

- Жеміс-жидек пен көкөністі баптау оңай емес, әрине. Бірақ сол еңбегімізге қарай ертең қыс бойы табиғи таза өнім жейміз. Өз қолыңмен өсірген өнім қашан да дәмді болады, әрі иммунитетті көтереді.

Қазір қалада тұқым мен көшет сататын дүкендер де түгел жұмыс істеп тұр. «Енді тек тынымсыз еңбек етіп, көкөніс егетін жерді дайындап үлгеруіміз керек», - дейді бағбандар. Айта кету керек, қазір Қарағанды облысының аумағында барлығы 30 мыңға жуық саяжай бар екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы