418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық әжей бір ғасырлық тарихы бар ұлттық киімді сақтап жүр

  • 320
  • UPD: 22:31, 01.05.2020

Елордалық Гүлжихан Шәріпқызы бір ғасырлық тарихы бар ұлттық киімді көзінің қарашығындай сақтап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

1930 жылдары татар даласынан Қазақстанға қоныс аударған әжесінің кигені екен. Қазыналы қарт ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызыл көйлекті бүгін мерекеге орай киіп шықты.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Көңілді, жайсаң мінезді, ақ пейіл жан. Гүлжихан Шәріпқызын татар бауырлары осылай құрметтейді. Жасы сексеннен асса да, әлі тың. Туған тілінен бөлек, қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген аби ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді. Оның өң бойынан ән мен жыр төгіліп тұрғандай. Қазақ даласына деген ықыласын да өлеңмен жеткізді.

Гүлжихан Шәріпқызы, қалалық «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:

Туған елім Татарстан,

Екінші Отаным – Қазақстан

Жайнай бер гүлдене бер Қазақстан.

Кейіпкеріміз елге соғыстан кейін нағашы әжесінің шақыртуымен келген. Ол кезде небәрі 12-де болыпты. Ұлы далада өсіп-өнген қарияның екі қызы бар. Қазыналы қарт әкесі Шәріптен осы өлкеде 60-тан астам немере-шөбере қалғанын мақтана айтады. Айтпақшы, Гүлжихан әженің үстіндегі көйлекке жүз жыл болған. Сенесіз бе? Сонау 30-жылдары оның әжесі Қазақстанға алғаш көшіп келгенде осы ұлттық киімді киген екен. Ғасыр куәсіндей болған қызыл көйлектің орны ерекше.

Гүлжихан Шәріпқызы, қалалық «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Ол көйлектің тарихын мен әжемнен ғана білемін. Әжемнің анасының көйлегі бұл. Одан кейін анам киген. Одан кейін мен алып кеттім. Оның тарихына 100 жылдан артық.

Қазір елордада 7000 татар ұлтының өкілі тұрады. Олардың үш жүзден астамы қалалық «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі. Гүлжихан аби сияқты қариялардың батасы мен дәстүрді дәріптеуі жас ұрпаққа үлгі болып келеді.

Сергей Садыков, қалалық «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Балаларымыздың төл мәдениетімізді біліп өсуі осындай қариялардың арқасы. Олар ұйымдастырған шараларымыздың басы-қасында жүреді. Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. Біздің мереке. Бір тудың астында ынтымақты ғұмыр кешіп жатырмыз. Карантинге байланысты басымыз қосылмайды. Бірақ, ұлттық тағамдарамызды әзірлеп, онлайн эстафета жасау арқылы мерекені дәріптеп жатырмыз.

Гүлжихан Шәріпқызының қазақ халқына айтар алғысы шексіз. «Тілі мен ділінің саф күйінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуіне жағдай жасап отырған елде тұрып жатқанына бақыттымын», дейді ол.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дәурен Жұрхабаев

Хабар 24 телеарнасы