430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт ашылды

  • 946
  • UPD: 00:06, 02.05.2020

Талдықорғанда сұйық май шығаратын зауыт ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Агроөндірістік кешен күнбағыс, жүгері, майбұршақ, рапс сынды майлы дақылдарды өңдейді.

Индустриялық аймақтағы 18 гектарды алып жатқан кәсіпорынды ашуға жалпы құны 5 млрд 800 млн теңге жұмсалған. Мереке қарсаңында іске қосылған ірі өндіріс орнына арна тілшісі Шыңғыс Қалиден барып қайтты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Талдықорғанда тәулігіне 400 тонна күнбағыс майы шығарыла бастады. Өндіріс орнының іске қосылуымен аймақтың 42 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Солардың қатарында техниканың тілін жетік меңгерген Жандос Баймұхамбет те бар.

Жандос Баймұхамбет, агроөндірістік кешеннің бас механигі:

- Бұл зауыттың ашылғаны маған тиімді әрі жақсы болды. Бұрын Ақсу қант зауытында жұмыс жасағам. Ол Ақсу ауданы Жансүгір ауылында еді. Ал, енді тұрғылықты қала тұрғыны болғандықтан, қалада ашылғаны өте жақсы болды. Менің мамандығым бас механик. Бұл жақта жүзден аса қондырғы бар. Осы қондырғылардың барлығына мен жауап беремін.

Зауыт қазір шикізатты Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден тасымалдап отыр. Алдағы уақытта жергілікті шаруалармен келісімшартқа отырып, Жетісу жерінде өсірілген дақылды өңдемек. Өнім отандық нарыққа шығарылады.

Сергей Симонов, агроөндірістік кешеннің бас директоры:

- Өндірілген өнімге отандық нарықта сұраныс көп. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейміз. Болашақта Қытайға экспорттау жоспары бар. Зауытты осы жерде салуымыздың себебі, индустриалды аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Яғни, темір жол, су, электр, кәріз жүйелері тартылған. Жол салынды. Газы да бар. Сондықтан осы жерді таңдадық.

Агроөндірістік кешен индустриалды аймақта ашылған алғашқы кәсіпорын. Жыл соңында дейін бұнда 6 өндіріс орны жұмыс істейтін болады. Соның екеуі инвестициялық жоба болып есептеледі.

Санжар Сабырбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылы облыс бойынша 70-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде Кербұлақ ауданында «Алацем» цемент өндіретін зауыты, Панфилов ауданында комбикорм өндіретін зауыт. Ұйғыр ауданындағы құс фабрикасы жоспарлануда.

Алматы облысында осындай 6 индустриалдық аймақ бар. Алдағы алты жылда онда 240-тан аса кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы