417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Майдан даласында қалған танктен қазақстандық жауынгердің хаты табылды

  • 287
  • UPD: 23:28, 01.05.2020

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қалған танктен қазақстандық жауынгердің  хаты табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарғайған хат иесінің өзі Алматы облысында тұрған екен. Ол – Отан соғысының батыры, танкист Михаил Тимофеев.

Сағынышқа толы хатты жазған жауынгердің дерегін анықтау қиын болмады. Сарғайған хатта көрсетілген мекенжай іздеушілерді Талғарға әкелді. Бұл жерде Мальковтарды бәрі біледі. Т-35 танкінен табылған хатты Ұлы Отан соғысы жылдары аға лейтенант Михаил Тимофеев жазған екен. Хатты жауынгер анасы Анна Мальковаға жазған. Ия, тектері әртүрлі. Бірақ бұл іздеушілерді адастырған жоқ.

Светлана Карнаухова, қоғамдық ұйымның жетекшісі:

- Хат табылғанда жауынгер соғыстан оралмаған деп ойладық. Бір жерде қайтыс болған. Содан қалған бір хат-хабар шығар деп топшыладық. Себебі, Миша ағайдың соғысты аяқтап, үйіне оралып, от пен оқтың арасындағы өмірі туралы айтып бергенін ешкім білген жоқ.

Соғыс ардагерін туыстары жәй ғана Миша ағай дейтін. Олар жауынгердің ерлігін, соғыстағы танкімен шайқасын тәптіштеп айтып берді. Жауынгер Сталинград шайқасына, Курс доғасына қатысып, Берлинді алуға атсалысқан. Соғыс кезінде бірнеше рет жараланған.

Павел Мальков, Михаил Тимофеевтің туысы:

- Атам танктерді жау көзінен жасыру үшін қайыңдарды шауып, жапырағымен бүркемелейтінбіз деген еді. «Шабатын бір ғана қайың қалған. Бәрін жіберіп, өзім шауып бітіремін де, келемін дедім. Бір кезде жақын жерде снаряд жарылды. Соның жарықшағы тиген болу керек, денем жып-жылы болып кетті де, ары қарай не болғанын білмеймін», деп айтқан еді. Содан атам 14 күннен кейін ғана есін жиыпты. Ол жүрегіндегі жарықшақпен бірге өмір сүрді. Дәрігерлер алып тастай алмады.

Михаил Тимофеев І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Ардагер соғыс туралы айтуды аса ұнатпайтын. Өзінің ерлігі туралы да көп жақ аша бермейтін. «Бірақ болашақ әйелімен қалай танысқаны туралы әңгімелеуден жалықпайтын», - дейді туыстары. Бұл оқиғаны Мальковтар отбасы әлі де ерекше мейіріммен еске алады.

Павел Мальков, Михаил Тимофеевтың туысы:

- Оның айтуынша, тұтқынға түскен кезде тырнағының астына ине тығып, табанын күйдіріп қинап, өлілерді лақтыратын шұңқырға тастаған. Ол жерден атамды екі латвиялық әйел алып шығады. Екі ай жертөледе ұстап, емдейді. Содан кейін біздікілер келіп, құтқарады. Соғыстан кейін сол ағайынды екі қыздың біріне үйленеді.

Аласапыран соғыс көпке дейін ардагердің түсіне кіріп жүреді. Тіпті бейбіт уақытта да жауын кездестіріп, қызық болған. Бірде Жеңіс күнін тойлап жатқанда дастархан басында өзін айуандықпен қинаған адамды көріп қалады. Михаилдың оны не үшін жағасынан ала түскенін айналасыдағылар түсінбей қалыпты

Светлана Карнаухова, қоғамдық ұйымның жетекшісі:

Тиісті қызмет өкілдерін шақыртады. Қонақты тексергенде одан 4 неміс темір кресті табылады. Әрине, оны алып кетті, содан кейін ешкім көрген жоқ. Артынан оның Талғарда тұрғаны белгілі болды. Сол жерде бір жесір әйелмен бас қосыпты.

1954 жылы Михаил Тимофеев отставкаға кетеді. Оның ең соңғы әскери міндетін атқарған жер – Каунас қаласы. Содан кейін Қазақстанға көшіп келген. Танкішінің ерлігін туыстары тек Жеңіс күні ғана еске алмайды, Миша ағайдың ешкімге ұқсамайтын өмір жолы олардың дұрыс бағыт сілтер шамшырағына айналған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы