423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертең елордада 60 мыңға жуық адам жұмысқа шығады

  • 426
  • UPD: 18:38, 03.05.2020

Елордада жұмыс істейтін кәсіпорындар тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы дүйсенбіден бастап ауданы 500 шаршы метрге дейінгі дүкендер сағат 17:00-ге дейін ашық болады. Сонымен қатар, шаштараздар, аяқ-киім шеберханалары мен гүл сататын дүкендер ашылады. Дегенмен, оларға қойылатын санитарлық талаптар күшейген.

4 мамырдан бастап медициналық мекемелер мен стоматологиялар ашылады. Бірақ дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу керек. Сондай-ақ, карантин кезінде жарнама агенттіктері мен фотосалондардың жұмысы қайта жанданады. Қала әкімдігіндегі жедел штабтың хабарлауынша, жеке сот орындаушылары мен адвокаттарда іске кіріседі. Тек қабылдауға алдын ала жазылу шарт.

Жаннат Дүбірова, қалалық жедел штабтың үйлестірушісі:

– Ертеңнен бастап  ІТ компанияларға, терминалдарға қызмет көрсететіндерге, клинингтік компанияларға және телефон жөндеумен айналысатындарға карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ олар жедел штаб бекіткен санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Тек сауда ойын-сауық орталықтары жабық қалады.

Саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін жақсы жаңалық. Таңғы 6:00-дан 20:00-ге дейін үйдің айналасында және аулада спортпен шұғылдануға болады. Бірақ далада адам көп болса, шықпағаныңыз абзал. Тіпті болмаса, мамандар жаттығу уақытын ауыстыруға кеңес береді.

Жаннат Дүбірова, қала әкімдігінің жедел штабының үйлестірушісі:

– Жедел штабқа жарысқа дайындалып жатқан спортшыларға қатысты өтініш түсті. Оларға жаттығу жасауға рұқсат берілді. Спорт алаңдарына баруға болады. Бірақ өкінішке қарай, саябақтарды әлі ашқан жоқпыз. Өйткені күн жылы кезде адамдардың көбі серуенге шығады. Ал олар бір жерге жиналып қалса, арақашықты сақтау мүмкін болмай кетеді.

Жалпы бас шаҺарда ертеңнен бастап 60 мыңға жуық адам жұмысқа шығады.  

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы