417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында кәсіпкерлер әлеуметтік кешендер құрылысына атсалысып келеді

  • 246
  • UPD: 21:42, 03.05.2020

Ауылдың жайын азаматтары ойлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстаулық кәсіпкерлер әлеуметтік кешендер құрылысына белсенді атсалысып келеді. Бірі жарты млрд теңгеге Мұнайлы ауданында 140 орындық балабақша тұрғызса, енді бірі оқу ғимараты болған нысанды қайта жөндеп, мектеп-лицей ашпақ. 500 оқушыға арналған білім ордасы жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс.

Екі жыл бұрын Ақеспе ауылында ашылған балабақшаға жақында гимназия мәртебесі берілген. Енді мұнда ағылшын және орыс тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бүлдіршіндер денсаулығын нығайту мақсатында емдік массаж кабинеті ашылып, білікті маман шақыртылған. Бейнелеу және би үйірмелерін де тәжірибелі ұстаздар өткізеді.

Салтанат Аяпбергенова, балабақша меңгерушісі:

– 117 бала 3 жастан 7 жасқа дейін бес топта тәрбиеленіп отыр. Бұл жерде Мұнайлы ауданы, Маңғыстау-2, Маңғыстау-4 елді мекенінің балалары тәрбиеленіп отыр. Балабақша бес күндік. Күн тәртібі бойынша күнде таңертең 8-ден кешкі 18.30-ға дейін, балаларды бес кезек тамақтандырады. Ұжымда қазір 20 адам бар, оның ішінде жеті педагог бар.

Қызылтөбе ауылында бұрын кәсіптік-техникалық білім беретін колледж болды. Қолданысқа дайын ғимарат бүгінде бос тұр. Мына оқу кабинеті технология пәнін өткізуге сұранып тұр. Өзге де сыныптар ішін пәндердің мазмұнына сәйкес өзгертуге де болады екен. Ғимараттың акт және спорт залдары, кітапхана мен  асханасында мін жоқ. Жоба жүзеге асқан жағдайда кәсіпкер бала санына емес, білім сапасына мән беретінін айтып отыр. Алыс ауылдан келетін оқушы осында жатып оқи алады.

Асхат Қартақов, жоба құрылтайшыларының өкілі:

– Бұйырса, біздің мектеп-лицейіміз 500 орындық. Яғни, екі смендік болады. Обедке дейін 250 бала, одан кейін 250 бала оқиды. Дайын тұрған ғимарат. Қазіргі таңда біз құжаттарын дайындап жатырмыз. Төрт қабатты жатақханамыз бар. Яғни, алыс аймақта тұратын балаларды бес күндік жатып оқитын қылып және демалыс күндері үйіне қайтатын етіп жоспарлап жатырмыз.

Қазіргі уақытта Мұнайлыда 32 мың 637 оқушыны қамтитын 15 мектеп пен бір лицей жұмыс жасайды. Аудандағы 73 бөбекжайдың алпысы жеке меншікте. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 749 сәби тәрбиеленіп жатыр. Халық саны жылдан-жылға өсуімен әлеуметтік маңыздағы нысандарға сұраныс жоғары. Мәселені шешуге жергілікті кәсіпкерлер белсене атсалысып келеді.

Есен Овезов, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің бастығы

–МЖӘ-мен салынған балабақша іске қосылды. Кәсіпкер өз қаражатына салып, келісімшартпен бес жылға отырдық. Қазіргі таңда жұмыс жасап жатыр. Шыққан шығындарын облыстық білім басқармасынан бөліп-бөліп төлеуге шартқа отырды. Және де ауданымызда кәсіпкерлер бес жеке мектеп салуда. Соның біреуі жаңа сіз көргендей. Екіншісі, Атамекен елді мекенінде 600 орындық мектеп.

Жеке кәсіпкер қаражатымен Ақтауға іргелес Басқұдық ауылында да 100 орындық білім ордасы, сондай-ақ әрқайсы 130 орындық екі мектеп бой көтеріп келеді. Осы аталған бес жалпы білім беру мекемесі ашылған соң екі мыңнан астам бала қабылдайды деп күтілуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

 

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы